Облыс орталығына табиғи газдың келуі тарихи сәт болған еді. Талдықорғандықтардың «көгілдір отынға қолымыз жетті» деп қуанғаны да әлі есімізде. Алайда, газ құбырын тартып жатқан компаниялардың салғырт жұмысы қала тұрғындарының наразылығын туғызуда. Яғни, қазіргі таңда газ тартылған көшелердің басым бөлігі сын көтермейді. Сайып келгенде тұрғындар бұл келеңсіздіктерді қала әкімдігінен көріп отыр.

Иә, бүгінгі күні Талдықорғанда көлікпен жүру тұрмақ, жаяу жүру мүмкін емес. Газ тарту барысында технологияның дұрыс сақталмауы салдарынан жолдардың қазіргі жағдайы расымен де ашу туғызады. Алайда, бұл жұмыстарды қала әкімдігі жүргізіп жатқан жоқ. Тапсырыс беруші Алматы облыстық Энергетика және тұрғын үй комуналдық шаруашылық басқармасы. Дегенмен, барлық арыз шағымдар қала әкімдігіне келіп түсуде. Осыған орай, бүгін шаһар басшысы Бағдат Қарасаев газ құбырын тартып жатқан «Ақниет» компаниясы мен кездесіп, атқарып жатқан жұмыстарына сын тақты.

«Тұрғындар телеарна арқылы, әлеуметтік желі арқылы жолға наразылықтарын білдіргенде белгілі бір компанияны емес, қала әкімі, яғни, мені кінәлайды. Ал, заң жүзінде бұған құрылыс жүргізген компаниялар жауапты. Бірақ, мұнымен санасып жатқан ешкім жоқ. Сондықтан, ендігі уақытта газ құбырының тартылуына өзім бақылау жүргіземен», — деді қала әкімі.

Айталық, осы уақытқа дейінгі жасалған жолдардың талапқа сай болмауы сырттан келген компаниялардың салғырттығы. Бүгінгі күні газ құбырын тарту бойынша қалада төрт компания жұмыс жүргізуде. Олар «ТУР-ГАЗ» ЖШС, «МБК Құрылыс» ЖШС, «Ақниет» ЖШС және «Ақбарыс» ЖШС.

Бағдат Қарасаев орталық базар маңындағы Құрманов және Қабылиса жырау көшелерін арнайы барып тексерді. Байқағанымыздай, Құрманов көшесіндегі жолдың қазіргі жағдайы көңіл көншітпейді. Қазір ондағы қазылған жер трактормен тегістелуде. Алайда, құрылыс жұмыстары жүріп жатқандығына қарамастан  құжынаған көліктер ары-бері өтіп, кептеліс туғызып жатыр.

Осы жайтқа қала әкімі өз наразылығын білдіріп, «Ақниет» ЖШС компаниясының директоры Александр Петенинге бірнеше ескерту айтты. «Бұл жер қала орталығы болғандықтан, көліктер көптеп жүреді. Қазылған жолды қалыпқа келтірмес бұрын, белгіленген аймақты уақытша жауып қоюға болады ғой..?! Жол полициясымен бірлесіп екі жаққа да арнайы белгі қойыңыздар. Келген көліктер басқа көшемен айналып өтсін. Жұмыс біткен бойда жолды қайта ашасыздар», — деді.

Сонымен қатар, шаһар басшысы газ құбырлары жүргізілген жерлердің арты үнемі жиналмай қалып жататындығын айтып, компания басшысы А.Петенинге қатаң ескерту берді. «Сіздерден газдың орнатылуы жайлы сұрамаймын. Оған өздеріңіз жоба бойынша жауап беретін боласыздар. Мен тек, қазылған көшелерді ретке келтіріп кетулеріңізді талап етемін», — деді Б.Қарасаев. Ал, компания басшысы барлық талап ескерілетінін айтып, бұдан былай ешқандай келеңсіздіктер орын алмайды деп сендірді.

«Ақниет» ЖШС компаниясының директоры Александр Петенин:

— Біз белгіленген барлық аймақтарға газ құбырларын тартып болдық. Күн жылынғаннан бері енді қазылған жолдарды қайтадан жөндеп жатырмыз. Атап айтқанда Ақын Сара, Жансүгіров, Желтоқсан сынды көшелерде жалпы көлемі 10 мың шаршы метр жерді қалыпқа келтіруіміз керек тұғын. Өткен жылы басым бөлігін аяқтадық. Бұл жолы қалып қалған жерлерді жөндеудеміз, айдың соңында барлық жұмыстар аяқталатын болады.

Айта кетейік, қазір қаланы газбен қамту бойынша І-ші кезеңнің жұмыстары толығымен аяқталған. Бүгінгі күні абоненттерді газға қосу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда 468 абонентке газ тартылса, оның ішіндегі 360-ы көгілдір отынның қызығын көріп отыр.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK