Елордасы Астанадан бастау алған «Ұлы дала жорығы» республикалық марафоны Түркістан қаласында қорытындыланды. Елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылған бұл аламанға қатысқан шабандоздар жалпы 12 күнде  1200 шақырым жолды басып өткен. Қатысушылар арасынан Жетісу, Түркістан, Маңғыстау, Жамбыл сынды 4 облыстың  команда шабандоздары ғана жарысты соңына дейін жалғастырып, киелі Түркістан қаласына жетті.

Шараның басты мақсаты – ұлттық спортты ұлықтау, қазақты ат спортына қызықтыру әрі ұлы даламыздың тұлпарларын кеңінен дәріптеу.

«Ұлы дала жорығы» марафон бәйгесін ұйымдастырушыларының бірі Арман Абдоллаевтың айтуынша, бұл бәйгенің баламасы әлемде жоқ деуге болады. Себебі, бұдан бұрын дәл осындай бірнеше өңірді басып 1200 шақырымды қамтитын көшпелі ұзақ жорық бәйгесі еш елде ұйымдастырылмаған. Жарыс барысында дағдылы атбегілер жан-жақты зерттеп қазақ тұлпарларының ерекше шыдамдылығына көз жеткізген. Бірнеше облысты басып өтіп, үлкен қиындықтарды жеңе білген әрбір шабандоз қандайда бір құрметке лайық.

Сонымен жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан бәйге жеңімпаздарын марапаттау қасиетті Түркістан шаһарының төрінде өтті. Салтанатты шарада сөз алған ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев үздіктер мен жанкүйерлерді құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Осыдан соң  «The Great Steppe tour» қоғамдық қорының төрағасы Әлібек Әлденей жалпы марафонды жоғары бағалап енді оны халықаралық деңгейде өткізу керектігін атап айтты.

Сонымен бұл жолғы ұзақ жорық бәйгесінің қорытындысы бойынша бірінші орынға қара үзіп шыққан әйгілі Маңғыстау өңірінің «Көкмайнақ» командасы лайық деп танылып 24 млн. теңге қаржыға ие болса, екінші орынды жер жәннатының «Жетісу» командасы жеңіп алып 12 млн. теңге сыйақы алды. Ал, үшінші бәйгеге Түркістан облысының «Теріскей» командасы қол жеткізіп 9 млн. теңгені қалтаға басса, төртінші орынға табан тіреген жамбылдықтар да 6 млн. теңге қаржатпен марапатталды.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK