«A-CLASS MEDICAL» ЖШС — тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі  және МӘМС пакеттері бойынша мемлекеттік және ақылы медициналық көмек көрсететін алдыңғы қатардағы ұйымдардың бірі. Қазіргі уақытта аталған компания  Талғар аудандық орталық ауруханасын сенімгерлік басқару құқығына ие.

Нақтырақ айтсақ, аурухана сенімгерлік басқаруға берілген екі жыл ішінде көптеген жұмыстар атқарылды. Қазір бұл емхана заман талабына сай медициналық озық үлгідегі жабдықтармен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар орталыққа қарасты ауылдағы медицициналық мекемелерге күрделі жөндеу жұмыстары жасалып, ондағы қызметкерлердің жайлы және жаңа ғимараттарда қызмет жасауына жағдай жасалған. Бүгінгі күні дәрігерлер  кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында тренингтерге қатысып, басқа облыс дәрігерлерімен үнемі тәжірибе алмасуда. Бүгінде Талғар аудандық ауруханасына қарасты 2 ауылдық аурухана, 2 қалалық емхана, 12 дәрігерлік амбулатория, 14 фельдшерлік-акушерлік және 9 медициналық пункт жұмыс істейді.

— Біз Талғар аудандық ауруханасын  сенімгерлік басқаруға  алған кезде оған қарасты ауылдардағы барлық медициналық нысандарға тексеру жұмыстарын жүргіздік. Тексеру барысында барлық нысандарға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу керектігі анықталды. Екі жыл ішінде ауылдардағы медициналық мекемелерге күрделі жөндеу жұмыстарын жасаумен қатар су, кәріз жүйесі мен жылыту жүйесін толықтай жаңарттық. Сонымен қатар жарықпен толықтай қамтамасыз етілді. Кейбір мекемелерге жарық генераторын орнаттық. Ал биылғы жылы жылыту маусымына дайындық жұмыстары жүргізіліп, барлық медициналық мекемелерге уақытында жылу беруді жоспарлап отырмыз, — деді «A-class MEDICAL» бас директоры Белгожанова Бақытгүл Қаниқызы.

Мамандардың мәліметінше, қазін аймақтағы Еңбекші, Қарабұлақ, Панфилов, Бірлік, Талдыбұлақ, Қызыл Қайрат, Гүлдала және Береке ауылдарында газ құбырлары жүргізіліп, қазандықтар сатып алынған. Жылыту маусымының басында олардың барлығы іске қосылып, біздің қызметкерлер тұрғындарға  жылы және жайлы медициналық мекемелерде көмек көрсетілмек.  Сондай-ақ, Арқабай, Қызылту, Еркін, Кендала және Жалғамыс елді мекендерінде медициналық нысандарды газбен жабдықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ал, газ тартылмаған Панфилов, Нұра, Туғанбай, Гүлдала, Талдыбұлақ, Бірлік, Қызыл ту, Белбұлақ, Талғар мен Кендала ауылдарына қарасты медициналық мекемелерге арнайы қазандықтар орнатылып, дизель отынымен қамтамасыз етілген. Бүгінгі күні 160 000 литр мөлшерінде дизель отыны сатып алынса,  қосымша қорда 79 000 литр сұйық отын тағы бар.

— Біз дизель отынын әлі газ құбыры жүргізілмеген ауылдардағы медициналық мекемелер үшін сатып алдық. Болашақта ауылға газ құбыры тартылған кезде, газбен жылыту жүйесіне қосатын боламыз, — деді  Бақытгүл Қаниқызы. «A — class MEDICAL» компаниясы сондай-ақ 224 000 тонна көлемінде шалғайдағы 17 елді мекенде орналасқан медициналық мекемелер үшін көмір мен отын сатып алды. Оның 118 000 тоннасы қазан айының  3 күні жеткізілмек.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK