БҰҰ Бас Ассамблеясы 1990 жылы 15-ші желтоқсанда 1 қазанды «Халықаралық қарттар күні» деп жариялаған болатын. Міне, содан бері елімізде бұл мереке айрықша аталып өтіліп келеді. Алайда, биыл Талдықорған қалалық ардагерлер бірлестігінде мерекелік шара ұйымдастыруға қаржы жоқ. Себебі, ұйымға тиесілі қаражат тендер деген теңсіздікке түсіп, әлі бөлінбеген.

Талдықорған қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Мұратбек  Қожабековтің  айтуынша,  ардагерлер ұйымының биылғы  жылы жылдағыдай береке-бірлікке және өскелең ұрпаққа тәрбиелік мәні зор іс-шараларды өткізуге қаражаты жоқ. Себебі, бұрын «Бір көзден қаржыландыру», «Авторлық құқық», деген жолдармен бөлініп келген азғантай қаражат биыл тендер арқылы берілгендіктен оны алуға қол жеткізе алмаған.  Негізі ардагерлер бірлестігі кәсіпкерлік мекеме емес, қоғамдық ұйым. Сол себепті керекті қаражат аз да болса бұрынғыдай үкімет тарапынан бір көзден берілгені дұрыс. Өйткені  бұрынғы жылы «Ардагерлер туралы Заңның» 17 бабында атап көрсетілгендей ешқандай конкурсқа қатыспай-ақ қаржыландырып отырған.

Мамандардың мәліметінше, бүгінде  Жетісу облысының орталығында 24 мыңнан астам зейнеткер бар. Олар негізі жоғары, төмен, орта буын өкілдерінен құралған. Алдыңғы буын санатына жыл санап қатары сиреп бара жатқан егде жастағы соғыс және тыл ардагерлері енсе, зейнеткерлік жасқа енді  толғандар орта, қызмет саласына қарай  ертерек демалысқа шыққандар төменгі буын өкілдері болып саналады. Осыған байланысты ардагерлер ұйымының қалалық филиалы олардың мұң-мұқтажы мен әлеуметтік мәселелерін шешу үшін шаһар әкімдігі және басқа да саладағы демеушілермен тығыз байланыс орнатқан.  «Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең» деген. Бұл даналықтың алтын бастауы болған ата-бабаларымыздың ұлағатты да тәрбиелі жолын жалғап келе жатқан қазіргі ақсақалды аталар мен ақ жаулықты әжелер. Олар өз кезегінде елдің ертеңі үшін ерінбей еңбек етіп, ел құрметіне бөленгендер. Қазіргі әрбір қарт еліміз Тәуелсіздік алған кезеңде қоғамның дамуы мен тоқырау жылдары тұралап қалған өңірді өркендетуге өлшеусіз үлес қосқандар.  Осыған сәйкес,  ардагерлер кеңесі құрылып  көп жылдардан бері зейнеткерлердің мүддесін қорғау жолында тұрақты қызмет атқарып келеді. Биыл қалалық ардагерлер ұйымы арнайы «Қарттар күніне» орай үндеу жариялады. Үндеудің негізгі мақсаты – аймақтағы мекеме, ұжым жетекшілері мен қаламыздың кең пейілді азаматтарына қаладағы еңбек ардагерлері мен зейнеткер ата-әжелерімізбен тығыз қарым-қатынас орнатып,  қажетті жағдайда оларға моральдық  және материалдық жағынан жәрдем көрсетсе деген ізгі тілек. Осындай үндеу және тағы басқа да шаралар арқылы қарияларға үнемі қолдау көрсету көзделген.

«Жалпы жыл сайын қарттар айлығы  аясында ардагерлер арасында әр түлі іс-шаралар ұйымдастырылып, онда ән айту, жыр мүшәйрасы, қолөнер сайысы сынды мәдени  жарыстар  кеңінен қамтылатын.  Сонымен бірге қарттар арасында спорттан бильярд, тоғызқұмалақ, дойбы, шахмат жарыстары өткізіліп жеңімпаздарға қаржылай және бағалы сыйлықтар табысталатын. Осының барлығы қариялардың уақытын құр өтізбей ұрпақ тәрбиесіне, сондай-ақ өзге де шараларға атсалысуына мол мүмкіндік беретін. Дейтұрғанмен осы орайда біз жалпы қарттарға келе жатқан  1 қазан халықаралық қарттар күні құтты, абыз аталар мен ақ жаулықты әжелердің денсаулығы мықты болсын деген ізгі тілегімізді жеткіземіз»,– дейді  қалалық ардагерлер кеңесінің жауаптылары.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK