Елімізде әрдайым жастардың  болашағына, еңбекқорлығына, талап-тілегіне, арман-ойына    қолдау жасалып келеді. Соңғы кезде мұғалімдік жолды таңдаған талапкерлерге мемлекеттік грант саны артып, шәкіртақы көлемі де өсе түсті.  Ұлағат жолын таңдағандарға тағы бір жақсылық – магистрлікті аяқтағандарға қосымша ақы төленеді. Сондықтан болар, жастар бакалавриаттан  соң магистратураға түсіп, өз еңбек жолдарын білім ошақтарында бастауы, әрине, көңіл қуантады. Осылайша, жастардың білім саласына келіп, жұмыс жасауларына  көңіл бөлініп, даңғыл жол ашылып отыр.

Халқымыздың «Білекті бірді, білімді мыңды жығады»  — деген ұлaғaтты сөзі бар. Ал,  білімнiң шындығындa да бaғa жетпес үлкен рухани қару екендігі даусыз. Білім саласына келіп, ұлағатты ұстаздардан алған тәлімін жас жеткіншектер бойына сіңіріп жүрген жас мамандар да баршылық. Қаламыздағы білім мен тәрбие берудегі  қарашаңырақтардың бірі  — Бақтыбай Жолбарысұлы атындағы №18 орта мектеп-лицейінің педагогикалық ұжымы жыл сайын жас мамандармен толығып келеді.  Өзінің 33 жылдық  тарихында талай-талай қарлығаштарының қанатын қатайтты. Талай  маман осы жерде тәжірибе жинақтап, басқа  білім ордаларына жұмысқа тұрды.  Тіпті, бұл мектепте қызмет жасаған көптеген білікті мұғалімдер  бүгінде басшылық қызметте.  Алғашқы қазақ мектебі болып іргесінің қалыптасуына атсалысқан,  басшылық еткен Күләш Шамшидинова Білім министрі, Зияткерлік мектептер бірлестігінің төрайымы қызметтерін атқарғаны ел есінде. Ал енді осында келіп, ұлағаттылық жолды жалғастырушы  жас мамандармен жолығудың сәті Мұғалімдер мерекесі қарсаңында түскен еді.

  « Білім бар жерде даму, жетілу, кемелдену үрдісі бір сәтке толaстамайды» -деген оймен қызмет жасап жүргендердің  қатарында  Аягүл Дәулетқызы мен Жансұлу Рашидқызы бар екен.

 Аягүл Бекзада, педагог-психолог:

Абай айтатын: «Алдыңғы толқын ағалар, кейінгі толқын інілер» қағидатын ұстанған мектепке келіп жұмыс жасап жүргеніне қуаныштымын.  «Мектеп-кеменің» ұлы миссиясын атқаруға күш салуда.  Биылғы жылы Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетін тәмамдадым.  Жас маман  ретінде аз уақыт  өтсе де, ұстаздар ұжымына үйренісіп кеттім. Оның да өзіндік себебі бар, осы мектептің 2018 жылғы түлегімін. Ұрпақ сабақтастығы деген осы болар. Күні кеше ғана өзіме дәріс берген мұғалімдеріммен бүгінде әріптеспін.

 Алғырлығымен көзге түсіп үлгерген Аягүл Дәулетқызы сыныпқа кіріп, оқушылармен сөйлескен кездерін, ұстаздық жолдың қиындығын мен қызығын да бастан өткеріп жатырғандығын жасырмады. «Менің бала күнімнен бергі арманымның бірі-ұстаз болу болатын. Өйткені кішкене кезімнен бастап,өзім тәлім алған ұстаздарыма қарап,бой түзедім. Бүгінгі күні мен өзіме  тәлім-тәрбие берген ,білім нәрімен сусындап, қияға ұшырған алтын ұя мектебім  қайта оралып, еңбек жолымды осы жерден бастап жатырмын.  Мен өз мамандығымды шексіз сүйемін».

   

Ұстаздық бұл өмірдегі ең жақсы, ең адал, ең жауапты, қызығы мен қиыншылығы қатар жүретін  мaмaндықтардың бірі санайтын  Нұрихан Жансұлу Рашидқызы Бақтыбай Жолбарысұлы атындағы  білім ордасында  ағылшын тілі пәнінің мұғалімі.

-Университетті енді аяқтап  ұстаздық жолды  таңдағаныма өкінбеймін. Бұл мамандықты таңдауыма  әпкем Азиза себепкер болды. «Ұстаздық әркімнің қолынан келе бермейді»- дейтін ол. Гуманитарлық пәндерге қабілеттілігімді байқапты.  Өзім де  ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болуды қаладым. Арманым  алдамады.  Енді, міне, Талдықорған қаласының ең беделді ұлттық мектептерінің бірі Бақтыбай Жолбарысұлы атындағы №18 орта мектеп-лицейінің мұғалімі болғанымды мақтаныш етемін.Ендігі алға қойған мақсатым — білікті ұстаздардың қатарынан көріну, білімді жастар тәрбиелеу. «Бала жүрегі- кішкентай күй сандық. Сол сандықтың кілтін тапсаң ғана ашылады. Мұғалімнің қолында әр кезде сол кілт тұру кeрeк» — деп М. Шаханов ағамыз айтқандай, әр баланың жүрегіне жол табу, бала бойындағы дарынды ашу мұғалімнің міндеті деп ойлаймын. Қазір жас маманмын  — болашақта өзім білімімді әркез шыңдап, білікті де,ұшқыр маман болу алға қойған мақсаттарымның бірі,-  дейді жас маман.

 Халқымызда «Жас келсе — іске» деген керемет сөзі бар. Демек, бойдағы жастық жігер, күш -қуат, жаңашылдық шәкірт тәрбиелеуге жұмсалуы керек. 

                                                     

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK