Президент  биылғы жылғы  халыққа арнаған Жолдауында  : «Самұрық-Қазына» қоры экономиканың басты салаларына бақылау жасауға ғана мүмкіндік беретін мажоритарлы үлесі бар инвесторға айналады. Қордың басқа активтері мен акцияларын жекешелендіру керек. Оны жүзеге асыруға «Халықтық ІРО» тәсілін де қолдануға болады» — деп атап көрсеткен болатын.

«Самұрық-Қазына» қоры Қазақстанның барлық өңірлерінде IPO тақырыбында тұрғындармен ақпараттық-түсіндіру кездесулерін өткізуде. Күні кеше Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласында кәсіпкерлермен, тұрғындармен жүздесу ұйымдастырды.

Іс-шараларға «Самұрық-Қазына» АҚ департаменттің аға менеджері А.Қайратова,  «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ  басқарма басшысы А.Баймағзумова, «Қазпошта» АҚ  Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Б.Ержігітов, KASE басқармасы төрағасының орынбасары Е.Мажекенов,  AIX қор биржаларының өкілі С.Рахимбеков, BCC Invest бизнесті қолдау менеджері Е.Еркінұлы және басқа қазақстандық қор биржаларының және басқа да ұйымдардың  мамандары жиналғандарға маңызды ақпарат берді.

Сарапшылар  Қордың жекешелендіру бағдарламасының және портфельдік компаниялардың IPO-ның іске асырылу барысымен, оның ішінде бірінші IPO-кандидаты – «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ компаниясына қатысты негізгі ақпаратпен таныстырды. Жиын бейнероликтермен де ақпараттандырылды.  Жетісу облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында өткен жиында  азаматтардың  IPO бағдарламасына қатысу мүмкіндіктері туралы кеңінен қозғалды.

«Мемлекет басшысы еліміздің қарапайым азаматтарының ұлттық компаниялардың акцияларын сатып алуға және осы салымдардан өз дивидендтерін алуға мүмкіндігі болуы тиіс екенін, ал бұл үшін, ең алдымен, азаматтарға бағдарламаның мерзімдері туралы, сондай-ақ акцияларын бастапқы орналастыруға шығару көзделетін компаниялардың мүмкіндіктері туралы толық ауқымды ақпарат беру қажет екенін бірнеше рет атап өтті. Қор өз тарапынан оған барынша ықпал етуге тырысады»,-деп атап өтті  кездесу барысында «Самұрық-Қазына»  АҚ Активтерді жекешелендіру және қайта құрылымдау департаментінің аға менеджері Айжан Қайратова.
Спикерлер акциялар бойынша кірістерді акциялардың иесі ретінде дивиденд түрінде де, оларды сату кезіндегі акция құнының өсуі түрінде де алуға болатындығын айтты.

Ұйымдастырушылардың  айтуынша, мұндай  халықпен, кәсіпорын жұмыскерлерімен және кәсіпкерлермен  кездесулер бүкіл ел бойынша  2022 жылғы 16 -30 қыркүйегі аралығында   60-тан астам қалада өтеді. Жетісу аймағы бойынша 29 қыркүйекте «ТАТЭК» , «Қайнар- АКБ» кәсіпорнында  және оқу орны жастарымен өтсе,  әрі қарай да Қаратал ауданының орталығы Үштөбе қаласы тұрғындары мен өндіріс орындары жұмысшыларымен осындай кездесу жоспарда бар көрінеді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK