Жер жаннаты Жетісудің жүрегі, облыс орталығы  — Талдықорған қаласының туған күні  сән-салтанатпен аталып өтті. Мемлекет басшысы биылғы жылды Балалар жылы деп жариялады. Ең алдымен, балаларымыз бақытты елдің өрендері,болашағы. Оқушылар сарайы алдында  мерекелік көңіл-күй, балалар ерекше қуанышты. Ата-аналардың қарасы да көп. Бұл жерде «Балдәурен»  балалар шығармашылығы фестивалі ұйымдастырылды.

Ғимараттың сол жақ қанатында «Шеберлер қаласы», оң қанатында «Көңілді бояулар» деген  атау берген өнерлілер өз өнерлерін ортаға салды.  Тіпті, суретшілер алаңы, спорттық ойындар, туристер де осында. Талдықорған қаласының сұлу табиғаты әсем безендірілген. Жас қылқалам шеберлері көптеген байқаулардың жеңімпаздары  екенін де өз жұмыстарында көрсетіп қойыпты. Жеткіншектер алаңның екі жағында мольберттерге және асфальт бетіне тақырыптық суреттер салды. Спорттық үйірмелердің жеткіншектері шеберлік сынып көрсетті. Қолөнерге деген ерекше қызығушылықты балалар осы жерде көрсетіп жатты. Себебі, қыштан көрсетілген шеберлік сабағында балалар тараса- тармыса өз қолдарымен бұйымдар жасады. Жалпы айтқанда бұл жерде, өнердің барлық түрі тоғысқан жер.

 

Талдықорған қаласының әкімі Әсет Масабаев, қала мәслихат хатшысы  Темірболат Ахажан, облыстық ардагерлер ұйымының ақсақалдары мен ақ жаулықты аналары бастаған топты  Оқушылар сарайының әншілері «Қазақстан. Талдықорған» деген әсем әнімен қарсы алды. «Зерде» би тобы мың бұрала биледі.  «Ата толғауы» да «Мұрагер» домбырашылар тобының орындауында көптің есінде қалды. «Бриллиант» би студиясының «Тұран»,«Кербез» биіне көпшілік қол шапалақтап, ризашылық білдірді. Вокалдық топтардың әншілері туған жер арналған әндерді шырқады.

Балалардың өнерін көрген қала басшысы оларға деген ізгі тілегін білдірді.

«Қымбатты балалар, ата-аналар, қонақтар бәріңізді  Қала күнімен шын жүректен құттықтаймын.  Жетісудың әсем қаласы жаңарып, жасара берсін. Күн сайын құлпырып келе жатқан қаламыздың кішкентай тұрғындарының да арманы асқақ деп ойлаймын. Аңсаған армандарыңа жетіңдер.  Талдықорғанның өсіп-өркендеуіне сендер өз білімдеріңмен, өнерлеріңмен үлес қоса беріңдер. Бақытты балалық шақ тілеймін. «Өнерлі өрге жүзер»  деген таланттарыңды шыңдауға қызмет етіп жатқан ұстаздар қауымының еңбегіне табыс тілеймін»,- деді Әсет Дүйсебекұлы.

Оқушылар сарайының  алдына  «Сүйікті қалам Талдықорған» деген жазуы бар тәтті торт қойылыпты. Қала күніне арналған   мерекелік тәттіні салтанатты түрде кесуге ортаға қала әкімі Әсет Масабаев шақырылды. Әкіммен бірге кесілген тәтті бәліш осы шараға қатысушыларға тарту етіліп, үлестірілді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK