Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласындағы Тіл сарайында мемлекеттік қызмет мәселелеріне  байланысты кеңейтілген жиын өтті. Оған аймақтағы аудан, қала әкімдері, облыстағы әрбір басқарманың басшылары, Әдеп жөніндегі уәкілдері және тілшілер қатысты.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Жетісу облысы бойынша департаментінің басшысы Қобылан Манаптың төрағалығымен өткен басқосуда халыққа қызмет көрсетуде заң талаптарының, Әдеп нормаларының сақталуын қамтамасыз етудің тиімді жолдары атап көрсетілді.

Жиын  департамент басшысы  Қобылан Тоқбергенұлы мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама талаптарын сақтау, оның ішінде азаматтарды мемлекеттік қызметке іріктеудің ашықтығын қамтамасыз ету және оқыту, кадрлық процестерді ақпараттық жүйе арқылы рәсімдеу, қызметкердің сіңірген еңбегі мен саланың дамуына қосқан үлесінің дәрежесіне байланысты мансабын жоғарылату,сондай-ақ, мемлекеттік аппараттың кадрлық тұрақтылығы, Әдеп нормаларын сақтау, қызметтерді көрсету барысында «Ең алдымен адамдар» қағидатын берік ұстану туралы мәселелерге жеке-жеке тоқталып, тың бастамаларын жеткізді. Сонымен қатар, осы орайда мемлекеттік қызметті өткерудегі жергілікті атқарушы органдардың ағымдағы көрсеткіштері және қызмет көрсету саласындағы бақылау, мемлекеттік қызметшілермен Әдеп нормаларының сақталуы баяндалып, кемшіліктер кеңінен талқыланды.

Жиын соңында жергілікті атқарушы органдарға мемлекеттік қызмет саласындағы жұмысты жандандыру, қызмет көрсету сапасын арттыру, Қазақстан Республикасы Әдеп кодексінің талаптарын сақтау бойынша нақты тапсырмалар берілді.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK