Талдықорғанда  мүмкіндігі шектеулі жандар арасында пара садақ атудан Қазақстан Республикасының Чемпионаты өтті. Жетісу облысының орталығындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы олимпиадалық резервтегі мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде өткен жарысқа еліміздің бірнеше облысы мен қалаларынан спортшылар келіп қатысты.

Жарыстың ашылу салтанатында сөз алған облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Алмат Тоқтарбекұлы сайысқа түсер саңылақтарға сәттілік тілеп, ізгі тілегін жеткізді. Осыдан соң Қазақстан Республикасының садақ атудан бірнеше дүркін жеңімпаздары мен жүлдегерлері, өңірдің танымал спортшылары Вадим Друзин, Сағадат Дүйсембаев, Нұрболат Қарабасов сынды азаматтарға белсенді арба табыс етілді. Мүгедек жандарға арналған бұл арбалар облыстық  жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен арнайы сатып алынған.

Талдықорғанның қала күні қарсаңында бірнеше күн бойы тартысты өткен сайыста кіл мықтылар анықталды. Жарыс қорытындысы бойынша W-1 ерлер М-2 жаттығуында І орын жүлдесін  Жетісу облысының сайыскері Сағдат Дүйсембаев, ІІ орынды Алматы қаласынан  Даурен Алқанов еншіледі. Сондай-ақ,  классик ерлер М-2 жаттығуы бойынша Шымкент қаласынан келген Жасұлан Кешен І орын жеңімпазы атанса, ІІ орынға жетісулық Қайрат Саркулов ие болды. Ал, W-1 ерлер олимпиадалық айналымда тағы да жетісулық Сағыдат Дүйсембаев І орынға, ІІ орынға алматылық Даурен Алқанов лайық деп танылса, классик ерлер олимпиадалық айналымда Жетісу облысынан Александр Рябов 1-ші,   Қайрат Саркұлов ІІ-ші, Шымкент қаласынан Жасұлан Кешен ІІІ-ші орын жүлдегері атанды.

Ал, компаунд әйелдер олимпиадалық айналымда жетісулық Сауле Айгөзова  І-ші,  Алла Грязнова  ІІ-ші,  Мансия Усубалиева ІІІ-ші  орынғы табан тіреп жеңімпаз атанса, компаунд, ерлер олимпиадалық айналымда жетісулық Арлан Атейбеков І орын, алматылық Сарсенбек Төлебек ІІ орын жүлдесін қанжығалады.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK