Еліміз Елтаңбасымен еңселі, Әнұранымен айбынды,  Көк Туымен тұғырлы. Осы бір баға жетпес құндылықтар  «Отан» деген ортақ шаңырақтың уығы болып тараған әрбір жанның жігерін жанып, күш- қайратын тасқындатары анық.  Осыған сай, бүгінде жалпы қазақ даласын мекен еткен әр ұлт халқының арман-тілегі бір, мұраты ортақ. Жер жәннаты Жетісу облысының бас қаласы Талдықорғандағы Қоғамдық келісім орталығы ұзақ уақыттан бері шаһардағы арнайы тұрғызылған Достық үйінде өңірдегі ұлт пен ұлысты ұйыстырып, төл мәдениетті дәріптеп, татулықтың тал бесігіне айналған.

Даналарымыз «Берекені көктен тілеме, бірлігі мол көптен тіле» деген. Қашанда берекелі елдің іргесі бекем. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бірлік, татулық және бейбітшілік – біздің мызғымас құндылықтарымыз. «Бірлігіміз – әралуандықта» деген басты қағидатымыз ешқашан өзгермейді. Қазақстан халқы Ассамблеясы жаңа жағдайда біздің бейбітшілік пен келісім жөніндегі саясатымыздың берік әрі институционалды тірегі қызметін атқаратынына сенімдімін», –деп атап айтқан болатын.

Замандардан  ақындар мен батырлардың мекені саналған қасиетті Жетісу жерінде қазір бірлік туын берік ұстанған 105 ұлт пен ұлыстың ұрпақтары ірге тепкен. Олардың салт-дәстүрді жаңғыртып, ұлт құндылықтарын ұлықтау  арқылы өңір мәдениетінің өркендеуі мен қоғамның дамуына  қосып отырған үлесі өлшеусіз. Бүгінде облыс орталығындағы Достық үйі ғимаратында ортақ шаңырақ аясында  құрылған 20-дан астам  этномәдени бірлестіктерінің бөлімі, облыстық ҚХА хатшылығы, Қоғамдық келісім, медиация кабинеті мен Аналар кеңесі және «Ұлағат» ақсақалдар алқасы, сондай-ақ, «Бірлік» жастар қауымдастығы жұмыс жасайды. Сонымен қатар жетекші журналистер, «Парасат» тіл жанашырлары клубы және тілдерді оқыту орталығы бар. «Тіл ақылдың — өлшемі». Жыл сайын осы орталықтардан әр бір  тұрғын өзіне қажетті тіл ілімін меңгеріп, өнер білімін шыңдауына бар мүмкіндік қарастырылған. «Жас — жастың тілегі бір, ынтымақтың білегі бір». 2002 жылы облыс орталығындағы ҚХА жанынан Қазақстан жастар Конгресі құрылтайшыларының «Бірлік» жастар қауымдастығы құрылған. Міне, содан бергі ұшқан құстай зулап өткен 20 жыл ішінде бұл қауымдастық тарабынан ауқымды шаралар атқарылған. Нақтырақ айтсақ, бүгінге дейін өз жалғасын тауып келе жатқан ел бірлігі мен салауатты өмір салтын насихаттау, жастардың шығармашылық әлеуетін ашу, жас ұрпақтың рухани қазынасын және денсаулығын сақтауға, отаншылдық сана-сезімді қалыптастыруға  бағытталған тың бастамалар соның бір дәлелі.

«Қарты бар ел қазыналы ел». Аймақтағы ақ самайлы аталардан құрам тапқан «Ұлағат» ақсақалдар алқасының басты ұстанымы – азаматтық бірлік пен халықтар достығын нығайту және жастардың бойына патриоттық асыл қасиеттерді қалыптастыру. Кеңес мүшелері бүгінде өздерінің өмір тәжірибелеріне сүйене отырып, өскелең ұрпаққа тағылымды тәлім-тәрбие берумен қатар мемлекеттік тілдің мерейін үстем етерлік түрлі шараларға белсене  атсалысуда. Сонымен бірге ұлтымыздың үлгі тұтар ұлы тұлғаларын ұлықтау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу тағы басқа да жастарға тәрбиелік мәні зор түрлі шаралар үнемі ұйытқы болып, дүйім жұрттың жоғары бағасын алуда.

Ал, Аналар кеңесінің  құрамы ғылым, білім денсаулық салаларымен өнер қайратқерлері және қоғамдық ұйым өкілдерімен толыққан. Олар отбасы және ана  институттарын нығайту арқылы қоғамдық келісім мен ел бірлігін қамтамасыз етуге, Қазақстан халқының азаматтық және рухани – мәдени бірегейлігін қалыптастыру, жалғызбасты және көп балалы аналардың әлеуметтік мәселелерін шешуде консультациялық көмек көрсету бағытында ізгілікті іс тындыруда. Сондай–ақ,  отбасылық құндылықтарды тарату, өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беру, ұлттық құндылықтар мен дәстүрлерді жаңғырту жолында тынбай күш салуда. Әр жылы ұйымдастырылатын «Берік отбасы – берік мемлекет», «Ақ отауға – ақ бата»,  «Ұлы дала Аналары», «Ұлттық бірегейлік – отбасында», «Рухтың тамыры – ана жүрегінде», «Отбасы мектебі», «Ана денсаулығы – ұлт денсаулығы», «Әкелер мектебі» сынды құнды жобаларымен көпке үлгі.

Қорытып айтқанда «Береке көзі — бірлікте». Ұлы дала қойнауын мекен еткен ұлттар достығын нығайтып, ел тарихынан тағылымды сыр шертетін бұл бастамалар жаңа Қазақстан құру жолында да бірліктің берік негізі болып қала бермек.

                                                                                                      Айдын КӘЛІМХАН.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK