Мемлекет басшысы  кезекті Жолдауында  әлемдегі індет пен дағдарыс  тек экономикаға  ғана емес, сонымен қатар, білім саласына да нұқсан келтіргенін атап өтті. Осыған орай, білім саласына ерекше тоқталып,  олқылықтардың орнын толықтыруда  жас ұрпақтың тәрбие мен білім алуына ғылым саласында жетістіктерге жетуіне барлық жағдайды жасаудың маңыздылығына тоқталды.

 Әрбір жас бүлдіршінге мектепке дейінгі оқу-тәрбие берілуі керектігін, балабақшалар мен мектепке дейінгі білім беру орындарын көбейту үшін жұмыс жасауды, білімді ұрпақтың ел болашағы екенін еске салды. Сонымен қатар педагог қызметкерлердің ерекше еңбегін атай отырып, ұстаздарының еңбекақысын 25 пайызға өсіруді тапсырды. Педагогтардың еңбекақысын арттыру ел болашағына үлкен инвестиция болып табылады деген пікірі педагогтар қауымын біршама жігерлендірді. Педагогикалық мамандықтың мәртебесін өсіруде жоғарғы оқу орындарына педагог мамандығына талаптарды күшейтіп, оқуға түсетіндердің орташа балын өсіріп, сапалы мамандарды даярлау  саясатын жалғастыра беретінін айтты. Қазіргі жаһандық өзгерістер кезеңінде түлектің білімі еңбек нарығына бәсекелестікке келгенде  жеткіліксіз болып қалуын тұспалдап, құзырлы министрліктің алдына оқу бағдарламаларын жаңа жағдайға бейімдеу міндетін жүктеді. «Әртүрлі тағдырларға тең мүмкіндіктер жасау бағытында Президент ерекше білім беруді қажет ететін балалардың да білім алуына ерекше назар аудару керектігін атап өтті. Білім беру жүйесінің қолжетімді әрі инклюзивті болуын атап, ол үшін білім беру нысандарында барлық жағдай жасалу қажеттілігін ескертті.   Сондай — ақ  мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға кепіл болатын дарынды балаларға жан-жақты қолдау көрсету қажеттілігін ескертіп,  жоғары оқу орнына түсу үшін конкурстан тыс гранттар, бір реттік ақшалай сыйақылар қарастырылатыны аталды.  Бұл бағыт дарынды жастарды жігерлендіру мен білім алуға ұмтылысын арттыруға ықпалдасатынына сеніміміз мол.

Мемлекет басшысы педагогтардың бала тәрбиесіндегі кемел еңбегін ескеріп,  педагогтарды да моральдық және материалдық тұрғыдан ынталандырып, қолдау көрсету шараларын «Цифрлы ұстаз» білім беру жобасымен толықтыру қажеттілігін ұсынды.

Мұғалімдерді қазіргідей 5 жылда емес, 3 жылда бір рет қайта даярлықтан өткізіп, бала бойына жаңа білімді сіңіре алатын нағыз ағартушы ретінде қалыптасуына жағдай жасауды тапсырды.  Ол үшін мемлекет есебінен  тегін курстар ұйымдастырылатыны педагогтар қауымына білім берудің  жаңаша форматына қолжетімділігін арттыратыны қуантады.

                                                                                        Салтанат Бекбергенова,                                                                                                                                әдіскер.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK