Нұр-Сұлтан қаласының ономастика комиссиясы елорда атауын өзгертуге қатысты ұсынысты қолдады,- деп хабарлайды басқа ақпараткөздеріне сілтеме жасап taldykorgan-online.kz.

Қала әкімдігінің ресми сайтында мәлім етілгендей, ономастика комиссиясының кезекті отырысы өтті.

«Күн тәртібіне сәйкес Нұр-Сұлтан қаласының атауын Астана деп қайта атау туралы мәселе талқыланды. Осыған дейін Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындарынан бірнеше рет, сондай-ақ, ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы елорданы Астана қаласы деп қайта атау туралы мәселе көтерген болатын. Ономастика комиссиясының мүшелері елорданың атауын өзгерту туралы ұсынысты қолдады», — делінген мәліметте.

Айта кетейік, ертең Нұр-Сұлтан қаласының атауын өзгерту мәселесі елорда мәслихатында қаралады.

Мәжіліс депутаттарының Нұр-Сұлтан қаласына Астана атауын қайтару ұсынысы Мемлекет басшысының келісімімен Конституциялық заң жобасына енгізілген болатын. Бұл ретте, Қаржы министрлігі елорда атауын қайтару үшін қосымша қаражат қажет етілмейтінін мәлім етті.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK