Таяуда зейнетке шыққан ағаймен дүкен алдында кездесіп қалдым. Саулық сұрасып, ары-беріні әңгіме еттік. 2-3 жыл бұрын өзіміз тойына барған баласының жағдайын сұрадым.

— Келінім шетелдік компанияға жұмысқа кірген. Айлықтары жоғары. Ақшасын апта сайын төлеп отырады. Жұмысқа алып кетіп, үйге әкеп тастайды. Демалысқа жібергенде алаңсыз жүру үшін үстемелеп ақша береді екен. Өз көлігімен жүретіндерге жанармайға деп тағы ақша береді. Жас отбасы үшін тамаша емес пе?! Балалардың жағдайы жақсарып қалды, — деп әке мәз. Қашанғы қыршаңқы әдетіммен:

— Ойбу, балаңыз келіннің қолына қарап қалды ма енді? – деймін.

— Е, жоға, ұлымның табысы жақсы. Келінім апталап айлығын алған соң көзге көрінбейді ғой. Ал, ұлым айдың соңында қомақты ақша алады. Алайда жұмыс уақыты сақталмайды. Таңмен кетіп, түнделетіп келеді. Айына бір жексенбі демалса да шүкір. Сенбіні түгел жұмыста өткізеді. Сәл сырқаттанып жатып қалса, бастығы «Орныңды босат, ауырмайтындарды аламын» деп қоқан-лоқы жасайтынын қайтерсің, — деп мұңайды. – Бізде маманды және еңбекті бағалайтын күн туғанша осы жүргеніміз жүрген. Тіпті жарытып зейнетақы да шықпады. 40 жыл қызметте жүріп дүние де жимаппын. Әйтеуір кемпір екеуміздің зейнетақымызды айдан-айға там-тұмдап жеткізіп жүрмін. Арасында 5-10 теңге пайда болсын деп такси боламын. Қалай, өздерің де күн-түнмен санаспай шапқылап жүрсіңдер ме? Жақсы, клиенттерім күтіп қалған шығар – деп жымия күліп, жауабымды күтпестен ескі көлігіне мініп кете барды.

Ағаймен әңгімеден соң ойда қалдым. Қызметіне адал, қатарының алды болған ағамыз енді бейнеттің зейнетін көретін шақта тағы да сол ақшаның жетпейтінін айтып, күнкөрістің қамымен жүр. Қонақтан қонаққа шапқылап, немере-шөбересін қызықтайтын кезі емес пе?! Бізді де осындай қарттық күтіп тұр ма? Зейнетке шыққан соң көп еркектің тез-ақ ана дүниелік болып кететінің сыры осында шығар? Неге бізде де шетелдік компаниялар секілді адам үшін барлық жағдай жасалмаған? Сұрақ көп.

Еліміздің түпкір-түпкірінен Атырау-Ақтауға жұмыс істеуге азаматтарымыз ағылып жатады. Жарты ай жұмыс істеп, жарты ай демалатын «вахташылар» орташа жалақыдан артық табыс тауып келетіні де жасырын емес. Айтпағым, батыстағы ірі компаниялардың еншілес мекемелерінде жұмыс істейтін отандастарымыз еңбек шарты мен басшылардың қызметкерлерге деген көзқарасын, жыр ғып айтып жүреді.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары біздің нарыққа келген «Шеврон» секілді алпауыт компаниялар елімізде мұнай игеруге кірісіп кетті. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде өздері қызмет етіп жатқан өңірде денсаулықсақтау, білім беру сынды әлеуметтік салаға 2,2 млрд доллар көлемінде қаржы салыпты. Қолөнерді қолдау үшін, жастардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін де қыруар қаражат бөлген. Мұндай бастамалар елімізге келген өзге де компанияларға үлгі болды. Металлургия, тау-кен саласындағы ірі бизнес қызметкерлеріне қал-қадірінше жағдай жасап, өздері қызмет ететін аймақтың дамуына үлес қосуда.

Осы ретте «Шеврон» компаниясының «Аяла» қайырымдылық қорымен бірлескен тамаша әлеуметтік жобасы бар.

Оның нәтижесін бүгінде бүкіл Қазақстан көріп отыр десек артық болмас. Сәби өлімі мен мүгедектігін азайтуды мақсат еткен бұл жоба бойынша еліміздегі 80 денсаулықсақтау нысанына 540 млн теңгеден астам қаражат бөлінген. Бұл ақшаға перзентханаға қажетті қымбат қондырғылар алынып, мамандар оқытылды. Биыл ғана Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласындағы перинаталды орталыққа осы жоба шеңберінде электроэнцефалография мониторы мен гипотермия аппараты тарту етілді. Бұл қондырғыларды денсаулықсақтау мекемесі бюджет қаржысына алатын болса, тағы бірнеше жылын жоғалтары анық еді. Жергілікті дәрігерлердің қуанышында шек жоқ. Жылына 4 мыңға тарта сәби өмірге келетін өңір үшін бала ағзасындағы ауытқушылықты ерте анықтап, тиімді күрес жүргізуге мүмкіндік беретін жаңа қондырғылардың маңыздылығы айтпаса да түсінікті.

Дамыған елдерден бізге келіп жатқан осындай оң үрдістер бар. Білім беру саласындағы жаңашылдық та қуантарлық жағдай. Қазір елімізде көптеген жекеменшік мектептер жұмыс істеп тұр. Білім берудің бізге таңсық әдістемесімен оқытатын сол мектептердің білім сапасы да анағұрлым жақсы. Бұндай мысалды қызмет көрсету саласынан да кездестіруге болады. Енді сұрақ. Білім берудегі, денсаулықсақтаудағы, еңбекті бағалаудағы озық үлгілерді неге тұтастай өз өмірімізге енгізіп жібермейміз? Реформаға құмар тиісті минситрліктер осы жөнінде ойланса, тек ойланып қоймай іске асырса халық үшін тамаша болар еді деп ойлаймын. Сонда жылына мыңдап шетел асып, азаматтығын ауыстырып жатқан білікті, білімді отандастарымыздың саны азаяр ма еді?!

Әйтпесе, секунд санап жаңарып, сағат санап дамып бара жатқан кезеңге ілесе алмайтынымыз анық. Жыл санап өсіп жатқан мардымсыз айлықты күн санап қымбаттап жатқан нарық жұтып қоюда. Айлықты миллиондап алатындар сезбес, бірақ көпшілік 100-150 мың теңгеге жан бағып отыр ғой. 42500 теңгеден 70 мың теңгеге дейін көтерілген ең төменгі жалақы да бұл мәселені шеше алмас, сірә… 18 жасқа дейін мемлекет шотына сап беретін 3 мың доллар да қай жыртықты жамағанға жетер дейсің? Бала күтімі үшін берілетін көмекті жарты жылға созғаннан көсегеміз көгере қояр ма екен?! Әрине, бұның бәрі жоқтан жақсы. Бірақ, тұтас жүйе жаңармай, ауқымды өзгерістер жайлы айту ерте секілді…

                                                                                    Данияр Болысбекұлы

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK