Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ халқының маңдайына біткен біртуар перзенті, жарық жұлдызы, әйгілі Алашорданың кезінде ұлтқа, жұртқа, Отанға, тілге қалтықсыз қызмет еткен сом тұлға. «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деп Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан айтқандай Ахмет Байтұрсынұлы сөзін іс жүзінде дәлелдеп, халық алдындағы азаматтық борышын артығымен орындады. Ол алмас қылыштың жүзіндей осып түсетін өткір өлеңдері мен жыр-жинақтары арқылы ұйықтап жатқан халқының құлағына маса болып ызыңдап, жанды жерінен шағып, қараңғылық пен надандықтан, шаруаға енжар жалқаулықтан оятып, болашаққа зер салып, білім алуды, еңбектенуді насихаттады. Отаны үшін отқа қақталып, суға да түскен Алаштың асыл перзентінің туғанына биыл 150 жыл толып отыр.

Алаш қайраткерінің шығармашылығы бойынша республика көлемінде білім беру ошақтарында ашық сабақтар, тақырыптық конкурстар өткізу жұмыстары жоспарлануда.

 Ахмет Байтұрсынұлы саналы ғұмырын сауат ашуға арнап, қарабайыр халықтың көзін ашуға ұмтылған қазақтан шыққан тұңғыш ағартушы екені баршаға мәлім. Ол араб жазуы негізінде жасалған тұңғыш әліпбидің дүниеге келуіне түрткі болған, қазақ ғылымы тарихында ұлттық әліпби жасап, жаңа үлгі ұсынған реформатор.

 Ағартушы ғалым «Оқу құралы» қазақ жазуының тұңғыш әліппелерінің бірі. Ал «Тіл — құралы» қазақ тілінің тұңғыш оқулығы. Ол ұлтына, қазақ халқына қалтқысыз қызмет етті. Бұл туралы Сәкен Сейфуллин: «…Ахмет халықтың арын іздеп, өзінің ойға алған ісі үшін бір басын бәйгеге тіккен, Ахмет Байтұрсынұлы ұлтын шын сүйетін шын ұлтшыл»деген болатын.

 Сондай-ақ, ол  қазақ зиялыларының арасында  алғаш аударма жинақ бастыру ісін бастаушылардың бірі болды. Ол орыстың классикалық жазушысы И.А.Крылов мысалдарының бір тобын қазақ тіліне аударып, «Қырық мысал» деген атпен жеке кітап етіп шығарды. Қазақ тілінде шыққан «Қырық мысалды» өз заманында заңғар жазушы Мұхтар Әуезов: «қалың қазақ жұртының алғашқы естіген төңкеріс рухындағы сөзі» деп бағалады.

Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болған, шуақ болып шашылып, шамшырағын жағуға ықпал еткен азамат, тек білім саласында орасан тер төгіп қана қоймай, баспа саласының дамуына да үлкен үлес қосты. Тұңғыш «Қазақ» газетінің жарыққа шығуына түрткі болды. Халықпен тікелей байланыс орнатқан бұл басылым арқылы ілім-білімге де үгіттеп отырды. Биыл мемлекет тарапынан баспа саласының дамуына үлкен үлес қосқан ұлт ұстазының таңдамалы еңбектерін орыс, ағылшын және түрік тілдеріне аудару, ғылыми еңбектерінің толық жинағының 12 томдығын баспадан шығару жұмыстары, өмірі туралы көркем фильм түсіру, музей үйіне ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізу қолға алынды.

 Алаштың айбынды арысы Ахмет Байтұрсынұлы тағдыр таяғын, саясат сергелдеңін, қоғам қиянатын сан көрсе де мойымай, ұлт мектебін, ұлт мәдениетін қалыптастыруға үлкен үлес қосты. Отаршылықтың отты лебі айрандай ұйыған отбасын ойрандап, жала  жабылса да соңғы демі үзілгенше ұлтына қызмет етуден танған жоқ. «Қара перденің» шымылдығы түрілген бейбіт заманда ұлы істердің ұйытқысы болған алаш алыбының ерен еңбегін, шығармашылығын зерттеп, насихаттау ұлт ұстазы алдындағы парызымыз.

                                                                                            Алмагүл Қуанышбаева,

                                                                           «Кешкі (ауысымды) мектеп» КММ

                                              директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары,

                                                                қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK