Талдықорған қаласының әкімі Әсет Масабаев Өтенай ауылының аумағындағы бірнеше елдімекенді аралап, жергілікті жұртпен жүздесті. Осы орайда шаһар басшысы аймақтағы қордаланып қалған  мәселелерге байланысты тұрғындардың шағымын тыңдап, оны шешудің оңтайлы жолдарын ұсынды.

Облыс орталығына қарасты  Өтенай ауылы  Еңбек, Мойнақ, Пригородный, Ынтымақ, Жастар сынды елдімекендерді қамтиды.  Ал, жан саны бір мыңнан асатын Мойнақ ауылында мәдениет үйі, кітапхана, дәрігерлік бөлімше және балабақша, спорттық жаттығу алаңымен бірге орналасқан  қалалық №23 орта мектеп жұмыс жасайды.

Тұрғындардың айтуынша, жасырары жоқ бүгінде ауыл жылдан жылға көркейіп келеді. Мәселен, биыл ауылдағы 6 көшеге жаңадан асфальт төселіп, жарық шамдары толығымен жаңартылған. Сонымен қатар бір кәсіпкердің қаржылай қолдауындмен ауылға жаңадан мешіт тұрғызылуда. Дейтұрғанмен әлі де шешімін таппай келе жатқан бірқатар өзекті мәселелер бар. Соның бірі – ауыл осыдан біраз жыл бұрынғы аймаққа газ тарту ісі бойынша жасалған үлкен жобадан қалыс қалып қойған. Екінші, ауылдың шығысында орналасқан құс фабрикасынан тарайтын жағымсыз иіс жойылса, үшіншіден, ауылда қаңырап бос тұрған балабақша ғимараты және маңайдағы бос жатқан жерлер анықталып, ел игілігіне берілсе және ауылды көгалдандыруға көңіл бөлініп, алдағы уақытта ағаш отырғызуға мүмкіндік қарастырылса.

Осы сауалдарды алға тартқан Мойнақ тұрғындарына жауап берген Әсет Дүйсебекұлы: — «Алдымен ауылға газ тарту ісі бойынша көтерілген сауалға келсек бұл жөнінде облыс басшыларына тиісті өтінім беріліп, қазір құбыр жеткізудің жолдары қарастырылуда. Ал, балабақша ғимаратын ел игілігіне алып беру тек сот төрелігіне жүгіну арқылы ғана атқарылатын мәселе. Енді құс фабрикасынан тарайтын иісті жоюдың жалғыз жолы кәсіпорын басшыларымен сөйлесіп тиісті шаралар қабылдау. Сондай-ақ, қазірге бұл маңайда бос жатқан жер жоқ. Ауылға ағаш отырғызу бойынша тиісті жұмыстарды қолға алуға болады. Осыған сәйкес, жақында ауылдарды гүлдендіру бастамасы аясында біраз қаражат бөлінбек. Аталған бағдарламаға сай ауыл тұрғындары өз жобасын ұсынып, жерін белгілеп, суын шығарып, жеміс бағын тұрғызуға  болады»,  –деді.

Басқосу  қорытындысында қала әкімі осыдан екі апта өткенде тағы бір мәрте арнайы кездесуге келіп, тіркеуге алынған жоғарыдағы сауалдардың нақты шешімін айтатынын жеткізді.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK