Жетісу облысының орталығындағы «Тәубе» мешітінде «Күзгі жиын-терін науқаны»  атты арнайы қайырымдылық шарасы өтті. Мешіт имамдары мен жанашыр жамағаттар бірлесіп ұйымдастырған  игілікті істе аймақтағы 40 отбасына түрлі азық-түліктер мен жеміс-жидек, көкөністер таратылды.

Жиналған қауым алдында сөз алған ҚМДБ- ның Талдықорған өңірі бойынша бас имамы Алмас қажы Сағидоллаұлы  : –  Бүгінде жасырары жоқ базардағы әрбір заттың бағасы тым қымбат, еселеп өскен. Оны сатып алуға  екінің бірінің шамасы жете бермейді. Тіпті,  аймақтағы кейбір отбасындағылар  ішер ас, киер киімге де зәру. Біз осы шара арқылы қаламыздағы тұрмысында қиыншылығы бар, көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі  мұқтаж жандарға аз да болса көмек көрсетуді мақсат еттік. Қазір таратылып жатқан  әр қалтаға түрлі азық-түліктермен қатар күнделікті халық ең көп тұтынатын  ұн, май басқа да заттармен қатар күзгі бақша өнімдері салынған. Атсалысқан әр жамағатқа Алла разы болсын! Жақындағы жаңа оқу жылы қарсаңында орталық «Иман» мешітінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары Кенжеәлі Мырзабаевтың қатысуымен «Мектепке жол» акциясы аясында 250 балаға сөмке және басқа да оқу құралдары табыс етілді. Осының барлығы қайырымдылық шарасы. Мұндай бастамалар   бұдан былай да  жалғаса беретін болады», -деді.

Осыдан соң мешітке келіп көмек алған әр отбасының мүшесі имамдарға және көмек қолын  созған қайырымды азаматтарға алғыс айтып, ақжарма тілектерін жеткізді.

 

 

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK