Шәкірттері білімді, дарынды, қаламыздың қақ төрінен орын тепкен алтын ұя мектеп жайлы мақтанышпен айтылып келеді. Білім ордасы  аз уақыт ішінде облыстық, республикалық деңгейдегі өткен білім  жағынан  айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. «№28 IT мектеп-лицей» КММ-ді  бүгінде Ыбырай Алтынсарин төсбелгісінің иегері Еспанова Гүлжанар Медеғалиқызы басқарып келеді.  Жаңа оқу жылы қарсаңында аталмыш білім ордасының басшысын сөзге тартқан едік.

— Мектептеріңіз алғашқы бестікті еңсеріп жатыр екен. Жаңа 2022-2023 оқу жылы құтты болсын. Осы мерекедегі ақжарма жаңалықпен бөліссеңіз?

-Талдықорған қаласындағы  №28 ІТ мектеп-лицейі 2018 жылдың қыркүйегінде қолданысқа берілді.  Жаратылыстану-математикалық бағытты тереңдетіп оқытатын мектебіміз осы уақыт аралығында барлық көрсеткіштер бойынша  қала мектептері арасында алдыңғы қатардан көрініп келеді.  Біздің лицей үшін биылғы оқу жылының басты ерекшелігі —  мектебімізге физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Құлжабай Әбдіқалықұлы Қасымовтың есімінің берілуі деп атап айтқан болар едім.  Демек, биылғы мектеп табалдырығын аттағалы тұрған 5-ші толқын бүлдіршіндері өңірімізден шыққан ғұлама ғалымның есімін иеленген алғашқы мектеп оқушылары болып тарихта қалады.

Жылдағыдай биылғы бірінші сынып оқушылары 10 сынып  боп комплектіленді,  314 бала қабылданды.Оның 8-і мемлекеттік тілде, 2-еуі  орыс тілінде оқытылатын болады. Бұл сыныптарға облысымызға танымал шебер ұстаздар, облыстық тәуелсіз тренерлер жетекшілік етеді.

— Білімді оқушыларды тәрбиелейтін ұстаздар қауымы екені де сөзсіз…

-Дұрыс айтасыз. Білім ордасының қай-қайсысы да білікті маман-кадрлармен ерекшеленеді. Мектеп ұжымында 140 мұғалім дәріс береді. Олардың  2-еуі Ы.Алтынсарин төсбелгісінң иегері, 4-еуі шебер-педагог, 27-сі зерттеуші педагог санатында қызмет етеді.

Биылғы оқу жылын  2435 оқушымен, 85 сынып компонентімен бастағалы отырмыз. Мектептің материалдық-техникалық базасы жыл сайын жақсарып келеді. Заман талабына сай IT ақпараттық технологияларды, заманауи оқу құралдарын пайдалануға қол жеткізіп отырмыз. Осы оқу жылында жаңа үлгіде жабдықталған биология, химия, физика кабинеттері қолданысқа берілді.

Ауыз толтырып айтарлықтай толайым табыстарыңызға да тоқтала кетсеңіз?—Әрине, бұл ретте, шәкірттеріміздің білім деңгейінде қол жеткізген жетістіктеріне тоқтала кетейін. Мектептегі білім сапасының басты көрсеткішінің бірі – түлектердің ҰБТ- дегі көрсеткен білім деңгейі. Өткен оқу жылында 5 оқушы «Алтын белгі» иегері, 2-еуі «Үздік аттестатқа» ие болды. Ал ұлттық бірыңғай сынаққа қатысқан 35 түлектің барлығы жоғары оқу орындарына түсті. 21-і мемлекеттік грант иегері атанды.

Сондай-ақ, республикалық пән олимпиадасының облыстық кезеңінде көптеген оқушыларымыз жүлделі орындарды иеленді. Арлан Мырзақұл математика пәні бойынша «Алтын түлек» олимпиадасында 1-орын және  AQS-2022 сынағының Талдықорған қаласы бойынша жеңімпазы атанды. Осылайша,  Достық  ББО грантына ие болып, 2022-2023 оқу жылында тегін оқуға мүмкіндік алды. Мұғалімдердің қол жеткізген жетістіктері аз емес. Мәселен, қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі И.Байғожина республикалық «Үздік педагог» байқауының жеңімпазы әрі грант иегері атанды. Мектепте жаратылыстану пәндері тереңдетіліп оқытылады. Осы бағыт бойынша Н.Жайлаубаева  Алматы облысы әкімінің «Жастар» сыйлығы көшбасшы иегері, «Ел үміті» номинанты, республикалық «Roged science» марафонының 1-орын және де HP Idea халықаралық жобасының түлегі. Облыстық білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының «Бейнесабақтар марафонында» іс-тәжірибесімен бөліскен үшін Әлия Ахметбекова бас жүлдеге ие болса, Бағдат Джамбаева 1-орынның төрінен көрінді.

-Біздің қойған сауалдарымызға тұщымды жауап беріп, сұхбат құрғаныңызға рақмет. Еңбектеріңіз табысты болсын!

                                                     

                            

                                                                                                

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK