Жыл сайын  Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласы гүлденіп, көркейе түсуде. Қазір  шаһар аумағы кеңейіп, жаңадан бірнеше шағын аудан бой көтерді. Әсіресе, аймақта мектеп, балабақша, емхана сынды әлеуметтік нысандармен қатар ел игілігіне арналған көптеген спорт сарайлары салынуда. Сонымен қатар, шаһарда аулаларды абаттандыру мәселесі де назардан тыс қалған емес. Мәселен, соңғы 10 жыл ішінде  қаладағы 275 көпқабатты тұрғын үйге қарасты 176 аула абаттандырылған. Бұл бағыттағы құрылыс жұмыстары әлі күнге жалғасуда.

 «Жасырары жоқ соңғы жылдары Талдықорған қаласы адам танымастай өзгеріп, көптеген ғимараттар тұрғызылып, жолдар жасалып, аулалар абаттандырылуда. Бұл, біріншіден, көпке көтеріңкі көңіл күй сыйласа, екіншіден, шаһар дамуының айқын айғағы», – дейді аймақ тұрғындары.

Қала әкімдігі берген мәліметтерге сүйенсек, өткен жылы 39 ауланы жаңартып, балалар ойын алаңдарын салуға 1936,8 миллион теңге қаражат бөлінген. Сонымен бірге, биылғы жылы мұндай жұмыстарға қосымша 763 миллион теңге бағытталса, бөлінген қаржының бірінші тамызға дейін 312 миллион теңгесі игерілген. Бұдан сырт алдағы уағытта тағы 42 ауланы жаңғырту жоспарланып,  құжаттар дайындалуда. Оған жалпы 2,3 млрд теңге қаражат керек. Жалпы өткен жылдан бергі бұл жұмыстарды жасау үшін мемлекеттік сатып алу бойынша заңды конкурстан өткен «Golden City DS» ЖШС-мен арнайы келісім-шарт жасалған. Аталған құрылыс серіктестігі жауаптыларының айтуынша, қазір облыс орталығында аулаларды абаттандыру ісі қарқынды жүріп жатыр.  Мысалға, қазір қалада  абаттандыру жұмысы 2021 жылы 25 тамызда қолға алып , 2022 жылы 25 тамызда аяқтауға тиіс 18 аула бар. Олар шаһардағы «Мүшелтой», «Самал», «Өркениет», «Жетісу» «Ғарышкер» шағын аудандары мен І.Жансүров, Ғ.Орманов, Гаухар ана, Қалиев, Чайковски, Шевченко, Гагарин, Қазақстан, ақын Сара, Біржан сал көшелері маңындағы аулалар. Қазір ондағы жұмыстар негізінен аяқталуға жақын.

Осыған байланысты бұл жұмыстар сапалы әрі көңілдегідей болу үшін үнемі Талдықорған қаласының әкімі Әсет Масабаевтың  жіті қадағалауында. Жақында шаһар басшысы жаңадан салынып жатқан алаңдарды аралап, құрылыс және ойын  жабдықтарының сапасын өзі тексеріп шықты. Осы орайда Әсет Дүйсебекұлы құрылыс жүргізуші мердегер серіктестік тарапынан жіберілген олқылықтарды атап көрсетіп, оны жоюды және міндеттелген жұмыстарды мерзімінде аяқтауды тапсырды.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK