Талдықорған қаласы бойынша  «А.Макаренко атындағы №6 орта мектебі шағын орталығымен» коммуналдық мемлекеттік мекемесі үстіміздегі  жылы   күрделі жөндеуден өтуде.  Айтар болсақ, негізгі мектеп, яғни, Пушкин көшесі 205-тегі ғимараты сонау 1959 жылы салыныпты. Бұдан бөлек, бастауыш сыныптарға арналған ғимарат Кивилев көшесінде орналасқан. Бұл кезінде балабақша ретінде салынып, 1986 жылы бастауыш сынып оқушылары оқитын мектепке айналған. Ал, 2002 жылы  негізгі ғимарат жанынан қосымша құрылыстар жүргізілген болатын.

-Біздің мектеп айтар болсақ, 640 балаға шақталған. Қазіргі кезде 814 оқушы екі ғимаратта білім алуда. Бүгінгі таңда екі нысанда да күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Құрышқолды құрылысшылар барлық шаруаны тындырымды атқаруда,- дейді аталмыш мектеп басшысы Әсия Бөкенбаева.

Күрделі жөндеу жұмысын «Г.С.Г. Высотник» ЖШС  қолға алыпты. Білім ордасының барлық есік-терезелрі ауыстырылып, жаңа пластик қойылады.  136 жұмысшы жұмылдырылған нысанда барлық құрылыс жұмыстары жасалып жатыр. Объектіде блоктар бойынша жұмыстар орындалуда.  Мәселен, мұнда электр жарығы, жылу, су  жүйесін, шатырды ауыстыру, ішкі қабырғаларды  сылау, еден құрылғысы алмастырылып, жаңа реңге енді. Сондай-ақ, сыртқы кәріз желілері, өртке қарсы жүйелер де  ретке келтірілді.

Қолға алынған шаруаның жартысынан көбісі біткен.  2022 жылдың наурызында басталған жұмыс қазан айында аяқталады деп күтілуде.

Әрине, салынғанына 60 жылдан асқан көне ғимараттың бүгінде келбеті өзгеріп, ажары артқан. Әлеуметтік маңызы бар нысанның әрін кіргізуге    қаражат болінген болатын.

Жаңа оқу жылы да басталуға аз уақыт қалды. Бұл ретте, ата-аналар тарапынан да балаларымыз қайда оқиды деп сауал туындары сөзсіз. Бұған білім ордасының басшысы, уақытша оқушылар қаладағы №13 орта мектепке арнайы 4 автобуспен тасымалданатындығын айтып отыр.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK