Жетісу облысына Оңтүстік Корея мемлекетінің әйгілі Чунан университеті «ХЕНДЭ» ауруханасының білікті дәрігерлері  келді. Алдымен Талдықорған қаласындағы көпсалалы ауруханаға ат басын тіреген шетелдік мамандар өңір тұрғындарына кеңес беріп,  дәрігерлік тексеруден өткізді.

Биыл Қазақстан мен Корея мемлекеттері арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл. Осы уақыт ішінде әр саланың мамандары  өзара тәжірибе алмасып, достық қарым-қатынас нығая түскен.   Ортопед, хирург, травматолог, невролог және нейрохирургтен құралған шетелдік дәрігерлер осымен үшінші рет Талдықорған қаласына келген.

Облыс орталығындағы көпсалалы аурухананың директоры Жұмахан Мұқашұлының айтуынша, бұл жолы науқастарды қабылдау үшін  арнайы жабдықталған 10 кабинет бөлінген. Бірнеше күнде шетелдік дәрігерлер бүкіл өңірдің 750-ден астам тұрғынын тексеріп үлгерген.  Сонымен қатар олар көпсалалы клиникада  жоғары технологиялық жабдықтардың көмегімен  30 — дан астам науқасқа күрделі операция жасаған.

Мамандардың мәліметінше, бірлескен жұмыс туралы 2018 жылы екі елдің дәрігерлері арнайы меморандумға қол қойған.  Міне, содан бастап екі ірі медициналық ұйым өзара тәжірибе алмасып келеді. Сондай-ақ  Жетісу облысының дәрігерлері Кореядағы конференциялар мен оқу — тәжірибелік сабақтарға жиі қатысады. Ағымдағы жылы біліктілікті арттыруға төрт маманды жіберу жоспарланған.

Осы жолғы сапары аясында Кореяның Қазақстандағы Бас консулы Пак Нечхон бастаған делегация  аймақтағы Қаратал ауданының  халқымен және Үштөбе қаласында ірге тепкен корей ұлтының  өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында Пак Нечхон кезінде тағдырдың тәлкегіне ұшырап жер аударылған көптеген  ұлтты бауырына басқан  Қазақстан халқына  өз атынан және Корея мемлекетінің атынан айрықша алғысын жеткізді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK