Халқымызда  «Ел болам десең бесігіңді түзе» деген ұлағатты сөз бар. Осыған сай, бүгінде жастардың діни сауаттылығын арттырып, дәстүрлі дінге деген көзқарасын айқындауға қол ұшын берудің маңызы зор. Сол үшін аймақтағы мешіт имамдарының уағыздарында қазақтың ұлттық құндылықтары  жан-жақты  дәріптеліп, ежелден сақталып келе жатқан дін мен дәстүр сабақтастығының терең мәні кеңінен түсіндірілсе дейді зиялы қауым өкілдері.

Аймақтағы дін істері басқармасының мәліметінше, бүгінде жалпы Жетісу өңірі бойынша  Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңына сәйкес 650-ге жуық діни ұйым мен филиалдар тіркелген. Соның ішінде Жетісу облысына қарасты дәстүрлі ислам дінін дәріптейтін мешіттер саны 200-ден асады. Онда шариғат шарттарын түсіндіретін 220-ға жуық имам-ұстаз бар. Осыған байланысты біз  Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Талдықорған өңірі бойынша  өкілі, орталық «Иман» мешітінің бас имамы Алмас Данағұловқа хабарласып біраз сауалдарға жауап алған едік.

— Алмас Сағидоллаұлы, халыққа қасиетті ислам дінінің құндылықтарын дәріптеп, жастарға тура жол нұсқау дін өкілдерінің басты міндеті. Осы бағытта қазір аймақта қандай жұмыстар жасалып жатыр?

 – Аллаға  шүкір!  Еліміз Тәуелсіздік алып, ес жиып, еңсе тіктегеннен бері халық жаппай дінге, мемлекеттік тілге бет бұрды.  Кешегі Кеңес үкіметі тұсында ұмыт бола бастаған салт-дәстүр, әдеп-ғұрыптарды қайта жаңғыртып, рухани бір серпіліске кенелді. Тіпті, жыл санап жұрттың имандылық ұстанымына деген ынтасы артып, жер-жерде жамағаттың қалауымен  көптеген мешіттер бой көтерді. Міне, бұл азаматтарды ізгі имандылыққа жебейтін игі бастамалар екені еш даусыз. Алайда, алғашқы адымда кейбір дінге келушілер ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін тура бағамдай  алмай жат ағымның арбауына түсіп қалды. Оларға  шынайы шариғат шарттарын түсіндіріп,  ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы  ұстанып келген дәстүрлі дін жолына бағыттау оңайға соққан жоқ. Қайта, соңғы жылдары аймақта арнайы үгіт-насихат топтары  құрылып, олар  ауыл-аймақты аралап, түрлі кездесулер ұйымдастыру арқылы тынбай түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Онда белгілі дінтанушылар мен ғалымдар арнайы ұсыныс пен  уағыздар айтып, жұрттың ізгі ықыласына бөленді. Атап айтсақ, қайырымдылық, сауат ашу, жат ағымның алдын алу, үгіт-насихат сынды  4 бағыттан тұратын бұл бастама жыл сайын өз жалғасын табуда.  Сонымен бірге мешіт имамдары дін істері, ішкі саясат,  жастар саясаты және ішкі істер басқармаларының   мамандарымен бірлесіп көптеген игі істер атқарды. Соның нәтижесінде осыған дейін жат ағымның жетегінде жүрген біраз адамдар кері қайтарылып,  түрмеде отырған жазасын өтеушілердің тура жолға түсуіне дұрыс бағыт-бағдар берілді.

— Бүгінде қаламыздағы «Иман» мешітінің бастамасымен көптеген қайырымды іс-шаралар өтуде. Солардың біразына тоқталып өтсеңіз.

–  Жалпы, ислам діні  әр адам баласын береке-бірлікпен мейірімді де қайырымды болуға шақырады.  Сондықтан да мешіт имамдары жай уағыз айтумен ғана шектелмеуі тиіс. Әрбір игі істерге өздері бастамашы болып, жастарға тәрбиелік мәні зор қайырымды істермен көбірек шұғылдануы керек.  Мәселен, соңғы кездері Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тапсырмасымен осы «Иман» мешітінде біраз шаруалар жасалды. Нақтырақ айтсақ,   рамазан айында 30 күн бойы көпшілікке мешіт атынан  ауызашар беріліп, жұма намаздарында дәстүрлі діннің қағидалары жан-жақты түсіндірілді. Міне, бұл жастарға, басқа да адамдарға сабақ болмақ. Себебі, олар осы арқылы өздерінің ұстанар бағытын айқындап, аз да болса діни білім алады. Сондай-ақ, мәуліт, ораза, құрбан айт мерекелерінде  мұқтаж адамдарға «Рамазан қоржыны» сынды акциялар аясында түрлі азық-түлік таратылып, діни концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды. Әрі  мереке күндері түрлі спорттық жарыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздарды марапаттау үрдіске айналған. Сонымен бірге жыл бойы тұрмысы төмен отбасы мүшелеріне, жетім-жесірлерге көмектесуге көптеп көңіл бөлініп келеді. Айта берсек көп. Мәселен, бүгінгі күнге дейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұйымдастырған «Зекет» қорының «Ел үлесі — пәтерге» жобасы аясында аймағымыздағы біраз адамдар баспаналы болды. Мешітімізде «Жәрмеңкемен жәрдемдес» шарасы тұрақты түрде жолға қойылған.   Ораза және Құрбан айт мерекелерінде  жамағаттарымыз  жұртқа тегін такси қызметін көрсетіп,  құрбандыққа шалынған малдың еті алдын ала жасалған тізім бойынша мұқтаж жандарға таратысты. Мысалға, биыл «Иман»  мешітінде шалынған 160 қой, 20 ешкі, 4 ірі қара малдың еті тұрмысы төмен 1150 отбасына үлестірілді. Осы орайда «Зекет және қайырымдылық  қорының бастамасымен зекетке берілген 1 миллион 200 мың теңгеге  жуық қаражат және мал 50-ге жуық мұқтаж отбасына табысталды. 2022 «Балалар жылы» деп жариялануына байланысты қаладағы балалар үйіндегі жетім бүлдіршіндерге арнайы дастарқан жайылып,  сыйлық ретінде тәттілер, ойыншықтар үлестірілді. Енді алдағы уақытта жыл сайын  тұрақты өтіп келе жатқан «Мектепке жол» акциясы бар. Мәселен, өткен жылы бір ғана «Иман»  мешітінде 150 балаға киім-кешек, қағаз, қалам, сөмке сынды оқу құралдары берілген. Бұдан сырт Рамазан айында басқа да мерекелер қарсаңында тұрмысында қиыншылығы бар адамдарға отын, көмір түсіріліп, түрлі азық-түлік таратылуда. Мұндай қайырымдылық шаралары қазір аймағымыздағы барлық мешіттерде жалғасуда. Осының барлығы дәстүрлі ислам дінінің қадір-қасиетін жан-жақты түсіндіріп, халыққа мейір бағыштау.

— Енді алдағы уақыттың еншісінде тұрған тағы қандай тың жоба- жоспарларыңыз бар?

–     Жақсылық жасау әр азаматтың борышы. Көпке көмек қолын созып, жан баласына еш зиян келтірмеген пенденің екі дүниеде жүзі жарық. Біз мұнда жасап жатқан жақсы істерімізді айтып, мақтанайық деп отырғанымыз жоқ. Осы бір игілікті істен басқа да адамдар, өсіп келе жатқан жас жеткіншектер үлгі алсын. Ата тарихымыздан тағылым алып, олар ұстанған жолымен өз бағыт-бағдарын айқындасын деген ой ғой. Енді Алла бұйырса мұндай игі шаралар бұдан былай да жалғасын таба беретін болады. « Әр жылдың басында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тапсырмасына сәйкес, жылдық жоба-жоспарлар жасалады. Сол арқылы жұртқа  үгіт-насихат жұмыстары жүргізіледі. Ол түрлі келеңсіздіктердің алдын алып, жастарды тура жолға бағыттауға мол мүмкіндік береді.  Сондықтан да алдағы уақытта беделді ғалым,  әр саланың білікті де білімді азаматтарын ұсыныс етіп, жастарға тәрбиелік зор  маңызды шараларды  жиі өткізу  жоспарда.  Осы орайда тағы бір айта кететін мәселе, әрбір дінге бет бұрғысы келетін  жамағат  қандай да бір сауалы болса тек мешітке келіп сұраса болады. Қазір бәрі қолайлы ғой. Тіпті, мешітімізде тіл үйренем деушілерге де бар жағдай жасалған. Бәрі де тегін. Қорытып айтқанда, ізгілік – иманнан. Ал, дін – иман айнасы. Әлемдік өркениеттің негізі. Сөз соңында  айтарым елімізге амандық, жерімізге тыныштық, халқымызға тек имандылық берсін!

 — Әңгімеңізге рахмет! Сұхбаттасқан:

                                                                                             Айдын КӘЛІМХАН.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK