Талдықорғанда өтіп жатқан республикалық Ауыл жасөспірімдерінің IV жазғы ойындары мәреге жетті. Мәдениет және спорт министрлігі мен Жетісу облысы әкімдігі бірлесіп ұйымдастырған бұл сайыс шілде айының  26 күні басталған болатын. Жалпы спорттың 12 түрінен өткен байрақты бәсекеде еліміздің 14 облысынан келген жас жеткіншектер бақ сынады. Жарыстың  жабылу салтанатына қатысқан Жетісу облысы әкімінің орынбасары Рустам Әли жеңімпаздарды құттықтап арнайы кубок пен медальдар табыс етті.

Он күнге созылған дүбірлі додада намысты қолдан бермей әрбір жарыс түрінен үздік нәтижеге қол жеткізген Жетісу облысының спортшылары жалпыкомандалық есепте  топ жарып бірінші орынды жеңіп алды. Атап айтсақ, облыс құрама командасы волейболдан қыздар арасында – 2, шағын-футбол – 3 , еркін күрестен – 3, грек-рим күресінен – 2, дзюдодан – 1, еркін күрестен – 3, баскетболдан қыздар – 2, ұлдар – 3, көгалдағы хоккей қыздар мен ұлдар – 1 орынды иеленді. Бұл жетістіктердің әрқайсысына жекелей ұпай беріледі. Жалпы жарыстың жиынтық есебі бойынша 276 ұпай жинаған Жетісу облысы республикалық Ауыл жасөспірімдерінің IV жазғы ойындарының жеңімпазы атанды.  Ал, 257 ұпай жинаған Алматы облысы екінші орынға лайық деп танылса, 241 ұпай жинаған Түркістан облысы үшінші орынға табан тіреді.

Сонымен төрт жылда бір болатын республикалық Ауыл жасөспірімдерінің IV жазғы ойындары қорытындыланды. Жеңімпаздарды марапаттаудан кейін Жетісу облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Алмат Үшкемпіров 2026 жылы болатын республикалық Ауыл жасөспірімдерінің V жазғы ойындарының байрағын Ақтөбе облысының өкіліне салтанатты түрде табыстады.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK