Еңбек жолымда тұсауымды кескен басылым

799
Дереккөз

Мен үшін «Талдықорған» газетінің орны ерек, жөні бөлек. Еңбек жолымда тұсауымды кескен киелі орта осы болды. Басылымда жүріп, өзімді жан-жақты дамытуға мүмкіндік алдым. Іссапарларға шықтық, сұхбат жаздық, репортаж жасадық, талай тағдырлардың куәсі болдық, ізгі жандармен сырлас болдық. Әкім, тіпті Президенттің қатысуымен өткен маңызды шаралардан да халыққа ақпарат тараттық. Осынау жауапты міндеттерді маған сеніп тапсырған басшылыққа алғысым шексіз. Мәулетхан Барсағазыұлы, Гүлжанат Нұршанова, Данагүл Мәкен, марқұм Гүлайым апайымды да еске алып отырам. Олардың сүйікті газетімізге деген адалдығы мені әрқашан тәнті еткен. Қазір республикалық Хабар 24 арнасының тілші-жүргізушісімін. Бұл қадамымда да «Талдықорған» газетінің үлесі бар. 2010 жылы әр сәрсенбі сайын камера алдына шығып, жаңалық жүргізу бұйырған еді. Семейден қазақ филологиясы мамандығын игеріп барған мен үшін бұл таптырмас мүмкіндік болды. Кейін туған жерімдегі «Ертіс өңірі» газетінде тілшілік қызметті атқардым. ТВК 6 арнасында тікелей эфирде шығатын «Жүзбе-жүз» хабарын жүргіздім. Бұл да талдықорғандық әріптестерімнің ақ батасының жемісі еді. Өйткені газет пен телеарнаның қос қанатыма айналуына ықпал еткен аға-әпкелерім осында «Талдықорған» газетінде еңбек етеді деп білемін. Өңірден жыраққа кетсем де мені ұмытпай, хал-жағдайымды біліп тұратыны ыстық. Биыл сүйікті газетіме 30 жыл толыпты. Бұл уақыт аралығында талай дүние өзгерді. Халықтың назары интернетте, әлеуметтік желілерде. Соған қарамастан, заман көшіне ілесіп, газеттің беделін түсірмей келе жатқан әріптестерімнің еңбегі ерен. Оқырмандарыңыз сіздерге, сіздер оқырманға адалсыздар. Мен де Елордамыздан «Талдықорған» газетіндегі өз оқырманыма сәлем жолдаймын. Еліміз аман, бейбітшілік заман болсын. Әрқашан қуана бөлісер жағымды жаңалықтарымыз көп болғай. Жасай бер, «Талдықорған»!

Мерей Мұратханқызы

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK