«Талдықорған» газеті жүрегімнің төрінде

702
Дереккөз

«Талдырған» газеті — тәуелсіздік бірге жасап келе жатқан басылым. Біздер де осы басылымнан қанаттанып ек. 2004 жылы жас маман болып, қасиетті шаңырақтың табалдырығын имене аттағанда бас редактор К.Камарова, редактордың орынбасары Қ.Мұхаметқали,С.Намазшамова, тілшілер Д.Мәкен, Г.Нұршанова, А.Оразаева, Р.Кенжебайұлы сынды әріптестер жылы құшақпен қарсы алғаны әлі есімде. Осы басылымда жеті жылдай тілшілік қызметте болып, тәжірибе жинақтадық. Жеті жылда талай редактормен істес болдық. Әрқайсының өмірлік тәжірибелік мектебінен өттік. Мен үшін «Талдықорған» газеті қасиетті қара шаңырақ, әрі талай жас маманның қанаттануына жол салды. Осы жылдарда қаланың әлеуметтік-экономикалық тынысына барынша араласып, жаңа айдарлар ұйымдастырып, қызықты материалдар жазуға тырыстық. Біз істеген жылдарда бір топ жас тілшілер шоғыры қалыптасты. Бүгінде олардың бәрі облыстық, республикалық деңгейдегі БАҚ-да қызметтерін жалғастыруда. Ұжым өте тату, береке-бірлікте болды. Қандай да бір қуаныш, той-томалақты бірге көтерісіп, қолдау танытатынбыз. Есте қалғаны, кезекшілікке түсіп, типографияда түнімен жүретін кездерді де бастан кештік. Сіздерден жырақ кетсем де еңбек жолымды бастаған алғашқы басылымға деген құрметім шексіз, әріптестерге деген сағынышым алабөтен… Қазіргі уақытта басқа басылымда қызмет етсем де мен үшін төркінім боп саналатын «Талдықорған» газетінің ұжымы жүрегімнің төрінде. 30 жылдық мерейтойларыңыз құтты болсын! Оқырмандарыңыз көп, жазарларыңыз таусылмасын!

Кенжегүл Бұрқанбаева

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK