Еліміз  егемендігіне қол жеткізіп, өз алдына отау тіккелі де отыз жылдан асты. Тәуелсіздіктің арқасында барлық сала жан-жақты дами түсуде. Бұл орайда  сот жүйесінде де көптеген өзгерістер болды. Қазақстан Республикасының сот жүйесін Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты, Қазақстан Республикасының Конституциясына және осы конституциялықз аңға сәйкес құрылатын жергілікті және басқа да соттар құрайды.

Сот жүйесі-түрлі деңгейдегі соттардың жиынтығы болып табылады. Оның құрамына — азаматтық, қылмыстық, әкімшілік, әскери, саудат.б. сот істері кіреді. Жеке және заңды тұлғалар үшін сот жүйесінің маңызы зор. Сотқа жүгіну арқылы еліміздің азаматтары кез келген жағдайда әділ шешімге қол жеткізіп, өз құқықтары мен мүдделерін қорғай алады. Соттардың шешімдеріне қарап қоғамның мемлекетке деген көзқарасы қалыптасумен қатар заңның үстемдігін қамтамасыз ету және азаматтардың мүдделерін қорғау қабілеті бағаланады. Мұндай мәртебелі міндетті, ауыр жүкті көтеру осы салада қызмет атқаруға  бел буған әр қызметкер үшін маңызды.  Сот жүйесіне қатысты заңдарды зерделеп қарасаңыз, судьялардың заң шығарушы емес, заңды қолданушы тұлға екенін танисыз.  Сондықтан да соттарда сан мыңдаған адамдардың тағдыры, өзара даулары шешіліп қана қоймайды, олардың құқықтары мен бостандықтары да  қорғалады. Сот жүйесінің тиімділігі, олардың шығарған шешімдерінің әділеттілігі мен жедел және толық орындалуы-кез келген мемлекеттің демократиялық дамуының негізгі көрсеткіші. Талдықорған әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қызметкерлері өздеріне тапсырылған міндеттерін заң шеңберінде бұлжытпай орындап келе жатқанын мақтанышпен айта аламын.  Мен, төл мерекемізбен  барлық әріптестерімді құттықтап, кәсіби шеберліктеріңіз шыңдалып, әрқашан халық алғысын арқалаңыздар. Отбастарыңыз аман, абыройларыңыз биік болсын дегім келеді.

Самал Бекболат,

Талдықорған әкімшілік құқық бұзушылықтар

жөніндегі  мамандандырылған

ауданаралық сотының жетекші маманы.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK