Жаз айы оқушылар үшін  қызықты да көңілді  демалатын кез. Биылғы  мектепті бітірушілер үшін  мемлекетттік емтихандар тапсыратын қарбалас шақ. Үстіміздегі оқу жылын қаладағы 25 мектепті 32 мыңнан аса оқушы ойдағыдай аяқтады. Ал, соңғы қоңырау үнін 1261 түлек естіп, алтын ұя мектепті бітірген болатын. Елдің ертеңіне үлес қосатын түлектер мемлекеттік емтихандарды ойдағыдай  тапсыруда.  Бұл сынақты қолдарына аттестат алатын 9 және 11 сынып оқушылары тапсыратындығы белгілі. Мектеп бітірушілер үшін мемлекеттік грант иегері атану үшін Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағы тағы бар.  Биыл, түлектердің 60-ы «Алтын белгіден» үміткер болса, 72-сі үздік аттестатты иеленбек. Ал, 9-сыныптар бойынша 217 оқушы үздік аттестатқа ие болды.

  Айтар болсақ, Алматы облысы Талдықорған қаласындағы жалпы білім беретін мектептерде бітіру емтихандары 2022 жылдың 27 мамырда басталды. 11-сынып оқушылары 27 мамыр мен 10 маусым аралығында емтихан тапсыру үстінде. Бірінші емтихан – жазбаша алгебра және анализ  бастамалары – 27 мамырда өтті; екіншісі 30 мамырда- қазақ/орыс/ұйғыр/тәжік/өзбек тілдерінен оқу тілінде жазбаша емтихан ; 2 маусымда — Қазақстан тарихынан ауызша емтихан , орыс тілінен емтихан қазақ мектебінде, қазақ тілінен – орыс мектебінде – 7 маусымда жазбаша  жазылды. Соңғы емтихан 10 маусымда өтеді. Ол – таңдау пәннен (физика, химия, биология, география, геометрия, дүниежүзі тарихы, құқық негіздері, әдебиет, шет тілі (ағылшын/француз/еміс), және информатика жазбаша емтихан болып табылады.

 Ал, енді, балалар жазғы демалысын қалай өткізуде деген сауалға жауап іздеп көрелік. Талдықорған қаласы білім бөлімі ММ қызметкерлерінің дерегін келтіре кетсек.

 Бүгінгі таңда жазғы каникулға шыққан балалардың  бірі ауылдағы ата-әжесіне жол тартса, енді бірі қаладағы жазғы мектепті аяқтап, көңілді демалудың қамында. Талдықорған  қаласының жалпы білім беретін мектептерінен жазғы мектепке оқушылардың жалпы санының 55 пайызы барды.  Сондай-ақ, әлеуметтік осал отбасылардан шыққан оқушыларға арналған Назарбаев зияткерлік мектебі  базасында 6, 7, 8 сыныптарға арналған робототехника және бағдарламалау бойынша тегін курстар жұмыс істейді. Бұл жерде қазіргі таңда  6,7,8 сыныптардың әрқайсысынан  20 оқушыдан  барып жүр.  Олар өз таңдауларына сәйкес осы курстарға қатысуда.

Жазғы алаң барлық мектепте 1-маусымнан бастап, 28 тамызға дейін   жұмыс жасайды.  Бұл жерде 1-5 сынып оқушылары өз демалыстарын қызықты өткізуде.  Олар күндізгі  сағат  9-13-ге демалады.  Талдықорған қаласы білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының әдіскері Ұлжанат Джакубаеваның айтуынша, күндізгі алаң жалпы білім беретін мектептермен қатар «Оқушылар сарайы» МКҚК «Балалардың жазғы күндізгі алаңы» бағдарламасын былтырдан бері қолға алып, жүзеге асырып келеді.  Мектептердегі жазғы алаң балалардың  уақытын тиімді пайдалану, танымдық көкжиегін кеңейту мақсатын көздейді. Қаланың көрікті жерлерін аралап,  экскурсия жасайды. Сондай-ақ, демеушілердің көмегімен,  ата-аналардың қалаумен, қауіпсіздікті сақтай отырып, аймақтағы Көлсай, Есік қорғаны, Қайыңды жаққа сапарлап қайту жоспарланып отыр.

Біз «Оқушылар сарайы» жанындағы «Балдәурен » жазғы алаңында болып қайтқан едік.

Алматы облысы білім басқармасының Талдықорған қаласы бойынша білім бөлімі «Оқушылар сарайы» МКҚК» директоры Ләззат Есболова:

-Ағымдағы жылдың маусым- шілде айларында  балалардың жазғы демалыс кезінде бос уақытттарын тиімді ұйымдастыру мақсатында  Талдықорған қаласы Оқушылар сарайында «Балдәурен»  жазғы күндізгі алаң жұмыс істейді. 6 маусым күні ашылуына орай  мерекелік концерт дайындалды. Әр кезең 10 күнді құрайды. Жазғы ашық алаң 4 кезеңнен тұрады:

І кезең —  06-17 маусым

ІІ кезең —  20 маусым -01 шілде

ІІІ кезең —  04– 15 шілде

ІVкезең —  18-29 шілде.

«Балбөбек», «Достық», «Болашақ», «Радуга» топтары бойынша педагогтер арасында тәрбиеші, тәлімгерлер (вожатые)  бекітілді.  Олар өздерінің сабақ жоспары жасады, соған сай жұмыс жүргізуде.  Әр топта -20 — 25 бала. Соның ішінде бір топ —  5 жастағы балалардан құралған. Бірінші кезеңде 70 бала қамтылып отыр. Балалар  таңғы 9.00-13.00 дейін/түске дейін/  келіп-кетеді. Демалыс алаңы тегін қызмет етеді. Түскі тамақтану қарастырылмаған. Ашық алаңның кешендік бағдарламасына  тәрбиелік-сауықтыру және және танымдық шаралар жоспарға сәйкес енгізілді. Сонымен қатар, командалық – спорттық ойындар, саяхаттар, табиғат аясындағы ойындар, қызықты фильмдер көрсету, флеш-мобтар, түрлі тақырыпта асфальтта сурет салу байқаулары және басқа да шаралар өткізіледі.

Мұнан өзге де осы жердегі тілдер мектебі, бейнелеу өнері, вокал, шахмет, қыш өнері сияқты үйірмелер өз жұмысын жалғастыруда.

Балалар үшін жадыраған жаздың шуақты күндері басталды. Каникулды қызықты да мазмұнды өткізуге мүмкіндік туып тұр.

Демалыстары қалай өтіп жатқандығын балалардың өздерінен де сұраған едік.

Тимур Наурызбай, демалушы:- Мен қаладағы №28 IT  мектеп-лицейдің оқушысымын. Оқушылар сарайына күнделікті келіп жүрмін. Бұл жерде түрлі үйірмелер жұмыс жасайды. Ата-анама айтып, жаңа оқу жылынан бастап шахмат үйірмесіне жазылсам деп ойлап тұрмын.

Аяна Сейілхан: -Қаладағы көрікті орындарға, саябаққа барып қайттық. Осы жердегі орыс тілі үйірмесіне қатысып жүрмін, көптеген байқаулардан жүлделі орындарды иелендім. Нұргүл Сәбетқалиқызына алғысым шексіз. Бүгін жолда жүру ережелері турасында тәлімгеріміз түсіндірді. Көп достар таптым. Қызықты демалыс болып жатыр. Кейін сол достарыммен хат жазысып тұрамыз.

                                                                    

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK