Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Талдықорған қаласы әкімінің қолдауымен қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі ММ мен «Талдықорған қаласы білім бөлімі» ММ-нің №3 «Балбөбек» сәбилер балабақшасының бірлесе ұйымдастыруымен «Бала тілі-бал» атты  байқау өтті.

«Байқау ҚР Тіл саясатын жүзеге асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру және Балалар  жылы мен Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдық мерейтойына арналып өткізілуде. Негізінен байқау мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, балалардың танымдық-тілдік қабілеттерін, қызығушылығын арттырып, қалыптастыру, көркем әдебиетті насихаттау мақсатын көздейді»,-дейді қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің бас маманы Сандуғаш Рысбаева.

Екі айналымнан тұратын байқауға қала бойынша балабақшалардың 9 тәрбиеленушісі үміткер ретінде қатысты. Өзге ұлт балаларының тіл сындыру, сахнадағы өзін ұстау мәдениеті,шығарманы жеткізудегі қабілеттері ескерілді. 4-6 жас шамасындағы балалар  былдырлаған тілдерімен, ең алдымен, өздерін мемлекеттік тілде  қара сөз және өлең түрінде таныстырды. Екінші кезеңде Ахмет Байтұрсынұлының шығармаларынан, өлең-мысалдарынан үзінділер оқып, жарысты.

Байқаудың аты байқау болғандықтан, тіл сындыруы жақсы, мәнерлеп оқу, сахналық көрініс даярлап, жоғары әзірлікпен келген қатысушылар жеңімпаз атанды.  Сонымен, Бас жүлдені «Балбөбек» балабақшасының тәрбиеленушісі Сафина Валиева иеленді. Ал, 1-орынды №7 ясли бақшасынан келген Рэймонд Цой, 2-орынды №5 ясли-бақшасының тәрбиеленушісі Дінмұхаммед Абдылахат, 3-ші жүлделі орынды №45 «Арман» балабақшасынан қатысушы Эмина Кошали мен №4 ясли-бақшасының тәрбиеленушісі  Арина  Ильясова жеңіп алды. Жеңімпаздар арнайы дипломдар мен сыйлықтарды иеленді. Сондай-ақ, жүлдегерлерге ынталандыру сыйлықтары табысталды. Бәйгеге сәйгүлік қосқандай, балаларды байқауға дайындап, қатыстырған тәрбиешілер мен жетекшілерге Алғыс хат табысталды.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK