Тұрғын үйге үміткерлер тізімі «Кезекте» порталында жарияланады

824
Дереккөз

Талдықорған қаласында жыл басынан бері экономиканың нақты секторының 6 көрсеткіші толық  орындалуда деуге болады. Атап өтер болсақ,  өнеркәсіп өнімін шығарудың көлемі,  ауыл шаруашылығының өнімі  өткен жылмен салыстырғанда бірнеше есеге  артты. Шаhардың дамуы жөнінде қала әкімі Әсет Масабаев баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Қазіргі таңда  қаланың тазалығы, табиғи газбен қамту, жер учаскелерінің жетіспеушілігі сынды өзекті мәселелер бар. Сонымен қатар, ең әуелі  халықтың айтары — баспана мәселесі. Үй кезегі жөнінде көптеген шағымдар түскен. Осы олқылықтарды реттеу барысында республикалық біркелкі реестр әзірленіп, іске қосылды. Енді «Кезекте» порталы арқылы 6 санат бойынша әр адам өзі кезегін біліп отыра алады. Бұл шынымен мұқтаж азаматтарға көптен күткен пәтер  алуын жылдамдатуға мүмкіндік береді. Жалпы, Талдықорған қаласы бойынша  16 333 азамат тұрғын үйге мұқтаж. Оның 6 327-сі мемлекеттік мекеме қызметкері, 10 006-сы әлеуметтік осал топ санатындағылар.  Ал, 30 520 адам жер учаскелерін алу кезегінде тұр. Әсет Дүйсебекұлы: «Әкім лауазымына тағайындалған сәттен бастап мен қаланы аралап, қазіргі жағдаймен және қала тұрғындарының өзекті мәселелерімен таныстым. Нақты түсінік бар және тиісті шешімдер қабылдануда. Тұрғын үйді бөлу кезінде ашықтықты қамтамасыз ету және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі жүйелі жұмыс шеңберінде бірқатар жұмыс атқарылды. Жол жөндеу, саяжай алқаптарын дамыту, ауланы абаттандыру және жөндеу, кәріз жүйелерін тазарту, қоқыс тастайтын жерлерді жою, аялдамаларды қалыпқа келтіру жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде. Ағымдағы жылы қоғамдық дәретханалар салуға тиісті қаражатқа  өтінім берілді. Оларды  Қаратал өзенінің жағалауы, орталық алаң, «Жастар» саябағы сынды халық көп шоғырланатын орындарда орнату жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде тегін, сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ыңғайлы болмақ»деп атап өтті.  Бүгінгі күні сауда үйлерінің сәулеттік келбеті, іргелес аумақтың тазалығы мен жаяу жүргіншілердің қозғалысына кедергі келтірер заңсыз сауда жүгенделмей тұрғаны мәлім. Бұл орайда ендігі кезекте «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» ҚР Заңына сәйкес сатушылар белгіленбеген орындарда сауда жасағаны үшін жауапкершілікке тартылатын болады.

                                                                             Назерке ӘДІЛБЕКОВА.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK