Жетісу филармониясына Дәнеш Рақышевтың есімі берілді

246

Талдықорғандағы Жетісу облыстық филармониясына Қазақстанның халық әртісі, әнші – композитор Дәнеш Рақышевтың есімі берілді. Сонымен бірге өнер саңлағы тұрған үйге арнайы ескерткіш тақта қойылып, облыс орталығында «Жетісу дүлдүлі» атты мерекелік концерт өтті.

Алдымен Талдықорған қаласындағы Назарбаев көшесі, 101-үйдің қабырғасына «Бұл үйде Қазақстанның Халық әртісі Дәнеш Рақышев тұрған» деген жазуы бар тақта орнатылды. Талдықорған қалалық ардагерлер ұйымының бастамасымен қолға алынған іс-шараға аймақ ақсақалдары, мәдениет және басқа да саланың жетекші мамандары қатысты. Басқосуда қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақшабай Керімбеков, Дәнеш Рақышевтың қызы Гүлнар Рақышева және әншінің шәкірттері жеке-жеке сөз сөйлеп ізгі тілектерін  жеткізді.

1926 жылы дүниеге келген Дәнеш Рақышев 1986 жылы «Қазақ ССР-нің халық әртісі» атты ең жоғарғы мәртебеге ие болған. Қазақтың ән қоржынына Әсеттің 150-ден астам, халық және басқа да композиторлар мен қырғыз әндерін, өзінің және өзге де сазгерлердің 100-ге жуық әнін асқан шеберлікпен орындап қалдырған. Жетісуда Дәнеш Рақышевтың есімі әншілік-орындаушылық мектебін қалыптастырушы тұлға ретінде тарихта қалды. 1990 жылдары Талдықорғандағы қазақ мектеп-интернатында және Жетісу мемлекеттік университеті музыка факультетінде өз класын ашып талапты балалар мен жастарды әншілікке баулыған.

«Танығың келсе Дәнешті,

Жантайып жатып ән есті».

Облыстық  филармонияға Қазақстанның халық әртісі, әнші – композитор Дәнеш Рақышевтың есімі берілуіне байланысты аталған ғимаратта арнайы концерт өтті. Өңірдің өнер сүйер қауымы қызыға тамашалаған кеште   Дәнеш Рақышевтің төл шәкірттері, атап айтқанда ҚР еңбек сіңірген әртісі Мырзахмет Мұқаманов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Бақберген Асқарбеков, ҚР мәдениет қайраткері Абылайхан Хармысов, Серікбол Шыныбаев, Нұржан Жанпейісов және ізін жалғастырушы ҚР мәдениет саласының үздіктері, Арафат Ысқақов, халықаралық байқаулардың лауреаты Құралай Шаяхметова сынды әншілер қатысып, ел ықыласына бөленді. Сондай-ақ, тағылымды кеште танымал әнші, Халық әртісі Рамазан Стамғазиев, Мұқан Төлебаев атындағы халық аспаптар оркестрінің, «Жетісу сазы» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің  дүлдүлдері өнер көрсетті.

Осы орайда  сөз алған Қазақстанның Халық әртісі Рамазан Стамғазиев:  – «Бүгінгі күн Жетісу жұртшылығының ғана емес, тұтас қазақ өнерінің қуанышы деп білемін. Қазақтың ән өнеріне үлкен үлес қосқан Дәнеш ағамыз тұрған қасиетті шаңыраққа жетісулықтар ескерткіш тақта орнатты. Мен саңлақ әншіні  ең алғаш рет өнер байқауында көрдім, онда байқауға қазылық етуге келді. Сол шақта таныстым, адамгершілігіне, талантына тәнті болдым. Бүгінде Дәнеш ағаның шәкірттері өнерде өз орындарын тапқан белгілі әншілер. Дәнеш Рақышевтың есімі қазақ өнерімен бірге жасай береді», – деді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз