Еселі еңбек ел ырысы

222

Биылғы  жылдың 10 айында Жетісу облысының ауылшаруашылығы саласында 417,2 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көрсеткіш 101,5 пайызды құраған. Жыл соңына дейін жалпы өнім 544,2 млрд. теңгеге дейін жеткізіледі деп жоспарлануда. Нақтырақ айтқанда қазір облыстағы егістік жер 4,6 млн. гектар. Аталған салада  21 мың ауылшаруашылығы тауарын өндіруші жұмыс істейді. Осыған байланысты биыл жиналған дәнді дақылдар өнімінің көлемі бойынша Жетісу облысы республикада алғашқы төртінші орында. Алдағы екі жылда өңірде 1 млн. тонна дәнді дақыл жинауға толық мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, өнімдерді қайта өңдеу саласында 3 негізгі стратегиялық мақсатта ет, сүт,  қант өндірісін ұлғайту көзделіп, ауыл халқының табысын арттыру шеңберінде «Ауыл аманаты» аясынды жеңілдетілген кредит беру бағдарламасын іске асыру жұмыстары жалғаспақ.

Облыстық ауылшаруашылық басқармасының тарқатқан мәліметінше,  Жетісу өңіріне агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 31,9 млрд теңге қаражат бөлінген. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай қант өндірісін өркендету мақсатында биыл қызылша егетін шаруаларды қолдап, зауытқа сатылған тәтті түбірге субсидиясын тоннасына берілетін бұрынғы 15 мыңнан 25 мың теңгеге дейін көтерген. Диқандарға жалпы бюджеттен 8,4 млрд теңге қаржы бағыттап, аталған дақыл көлемін 8,7 мың гектарға дейін арттыруға бар мүмкіндік қарастырылған. Әрі шыққан өнімді кедергісіз өткізуге қолайлы болуды көздеп Ақсу қант зауытының қызметін қалпына келтіру бойынша қолға алған құрылыс жұмыстарын аяқтап, қант өнімін өңдейтін жаңа желі орнатқан. Қосымша  3 мың тонна құрақ шикізат, 1,8 мың тонна мазут сатып алған. Жалпы аймақтағы қант өндірісін дамыту шеңберінде 2025 жылға дейін өңірдегі егістік алқабын 2,9 есеге яғни  4,2 мың гектардан 12,2 мың гектарға дейін ұлғайтып, өнімді 434 мың тоннаға, қант шығаруды 184 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарланған. Осыған сәйкес, қазірдің өзінде диқандарды қолдау  шаралары оң нәтиже бере бастаған. Мәселен, биылғы қымбатшылықпен қатар келген құрғақшылыққа қарамастан талдықорғандық шаруалар табысын еселеп 25,1 млрд. теңгенің өнімін өндірген. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш тағы артады деген сенімде.

Талдықорған қалалық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Абзал Зейнулданың айтуынша,  қазір Талдықорған қаласы бойынша ірілі-ұсақты 566 шаруа құрылымы бар. Олардың басым көпшілігі мал және егін шаруашылығымен шұғылданады. Жыл сайынғы мал санының артуы да қарқынды. Қазір аймақта 4300-ге жуық  жылқы, 28 мыңнан астам қой, ешкі, 9683 мүйізді ірі қара, 51 түйе,  1,5 миллионға жуық құс өсірілуде. Мұндағы төрт түлік малға арналған жайылымдық жер көлемі 16 мың гектарға жуық. Облыс орталығына қарасты шаруалар өздеріне тиесілі жерлерден жем-шөп жинаумен қатар аймақтағы Ақсу, Көксу, Ескелді, Қаратал және басқа да көрші аудандардан тиісті мал азығын сатып алды. Міне, бұл қажеттілікті толық қамтамасыз етіп, малдың қыс қырынан қысылмай шығуына мол мүмкіндік береді.

Ал, биылғы жылы шаһар шаруаларының егін еккен жер көлемі 6 мың гектарға жуық. Оған арпа, бидай, жеміс-жидек, басқа да  майлы дақылдар мен басқа да тұқым түрі себілген. Атап айтсқ, оның 1634 гектар аумағына майлы дақыл,  1500 гектар жуығына күздік бидай, арпа, жүгері, рапс сынды дәнді дақыл және 60 гектарға қант қызылшасы егілген. Сонымен қатар 618 гектар жерге картоп, 1000  гектарға жуық мал азығы, 1200 гектардан астам алқапқа  көкөніс пен басқа да бақша өнімдері егілген. Қазір жылдық жоспарға сәйкес, шаруалар қауымы қажетті жем-шөп қорын дайындап, күзгі тұқым сіңіру жұмыстарымен жай пісетін май бұршақ, жүгері,  қант қызылшасы сынды өнім түрлерін жинау толық аяқтаған. Жиналған өнім көрсеткіші де жоғары. Соның ішінде жыл  сайын мол өнімге қол жеткізіп келген «Самай», «Мақан-Алмас», «Бейсенбаев Б.Д.», «Сәпи» шаруа қожалығы және «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты», «И А и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері аймақ шаруаларының көш басында болса, биыл олардың қатары жаңа есімдермен толықты.

Солардың бірі «Айдын» шаруа кооперативі.  Жүгері мен май бұршақтан мол табыс тапқан кооператив жетекшісі Айдын Досымбекұлы:  – « Мен осыдан 10 жыл бұрын  өз алдыма еңбек ету мақсатында шаруашылық тізгінін қолыма алған болатынмын. Егіншілікте бірнеше адам жұмыспен қамтылған.  Бізде жер жыртуға, тұқым сіңіруге, өнім жинауға арналған техникалардың  барлығы  бар. 2015 жылға дейін бұл кәсіптің әкем негізін қалап өзі жүргізіп келді. Қазақта «әке көрген оқ жонар» деген аталы сөз бар ғой. Мен сол әкеден көрген білгенімді кәдеге жарату үшін жұмыс бастап, егін шаруашылығына ден қойдым. Қазір өзіме тиесілі 120 гектар суармалы егістік жер бар. Оның биыл 20 гектар алқабына  жүгері,  7 гектарына жоңышқа, 93 гектарына май бұршақ еккен едік. Құдайға шүкір!  Жиналған өнім жаман емес. Жалпы 20 гектар алқаптағы жүгеріден 200, 93 гектар жердегі қытай май бұршағынан 220 тонна өнім алынды. Барлық табыс еңбекпен келеді. Еселі еңбек – ел ырысы.Табысты  болу үшін ерінбей еңбек ету керек»,  –деді.

Су – тіршілік көзі, мол өнім кепілі екенін ескерсек оған жауапты саланың  мамандарының сөзінше, бүгінде  қала аумағында жалпы ұзындығы – 132,2 шақырым арық жүйесі бар. Оның 45 шақырымы темір-бетонды арықтар. Суармалы жерлерді сумен қамту бойынша жыл сайын көктемде өңірдегі «Қазсушар» кәсіпорнымен арнайы келісімшарт жасалады. Олар суармалы жерді қажетті сумен қамтамасыз етуге міндетті.  Биыл облыс аумағындағы  ауыл шаруашылық құрылымдарына су беру мамыр айының 15 күнінен басталып 10 қазанға дейін жалғасқан. Осы уақыт ішінде судан игіліктенушілер үшін еш тапшылық бола қоймаған.

 – «Енді егіншілерге мемлекеттік қолдау аясында күзгі дала жұмыстарын жүргізуге жеңілдетілген бағамен жеткілікті көлемде жанар-жағармай  бөлінген. Ағымдағы жылдың 14 қыркүйегінен бастап дизель отынының 1 литрі 250 теңгеге төмендеуіне байланысты, шаруа қожалықтары өз өтініштерін білдіріп, қазір олар оператормен 79,5 тонна дизель отынына келісім шарт жасасып үлгерді. Бүгінгі қала бойынша өнім жинап, күзгі дақыл түрлерінің  тұқымын сіңіруге арналған техникалар жеткілікті. Мысалға, қазір аймақта шаһар шаруаларына тиесілі 338 трактор, астық жинайтын 33 комбайн, әр түрлі маркадағы 47 жүк көлігі, 168 тырма, 67 трактор тіркемесі тағы басқа да қажетті заманауи техникалар бар. Осындай мүмкіндіктердің нәтижесінде үстіміздегі 2023 жылдың 10 айының  қорытындысы бойынша қаланың ауылшаруашылық саласындағы жалпы өндірілген өнім құны 25,1 млрд. теңгеге жетіп, нақты көрсеткіш 100,3  пайызға құрап отыр», –дейді Абзал Секенұлы.

                                                                                                     Айдын КӘЛІМХАН.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз