Бейбітшілік пен келісім – басты құндылық

200

Биыл Достық үйіне 15 жыл. Осыған байланысты Талдықорғанда «Бейбітшілік пен келісім – қазақстандық қоғамның ең жоғары құндылықтары» тақырыбында ғылыми – практикалық конференция өтті. Оған Республиканың, облыстың құрметті азаматтары, депутаттар, зиялы қауым өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, аймақтағы ақсақалдар, аналар кеңестерімен этномәдени бірлестіктердің төрағалары және басқа да саланың жауаптылары  мен жастар қатысты.

Облыс орталығындағы Сүйінбай Аронұлы атындағы филармонияда өткен басқосуда Достық үйі құрамындағы бірлестіктер тарапынан  бүгінге дейін атқарылған істер  атап айтылып, алдағы жұмыстар тілге тиек етілді. Осы орайда  Жетісу облысының Әдеп жөніндегі уәкілі Ғабит Тұрсынбай:  – «Бүгінде  киелі Жетісу жерінде 100-ден астам ұлт пен ұлыстың өкілі тұрады. Олар қазір бір шаңырақ астында береке-бірлікте өмір сүруде.  Ал, Достық үйі бәрінің басын қосып отырған ұлт бірлігінің ұйтқысы. Оның құрамында этномәдени бірлестіктер, облыстық Ассамблеяның құрылымдары, ақсақалдар және аналар кеңесі, медиация орталығы бар. Аталған ұйым мүшелері түрлі мәдени іс-шараларды жиі ұйымдастыру арқылы қоғамдық тұрақтылық пен этносаралық келісімді сақтауға, салт-дәстүрді дәріптеп, ұлт құндылықтарын қорғау бағытында сүбелі үлес қосуда. Сондай-ақ, мемлекеттік тілдің өсіп-өркендеуіне, қазақ халқының Абай, Жамбыл, танымал тұлғаларының мерейтолық шараларының өтуіне белсене атсалысумен бірге түрлі қайырымдылық істерге де қол ұшын созуда. Міне, осының барлығы ұлтымызға деген үлкен құрмет. Әрі мұндай игілікті істер бұдан былай да жалғаса береді деп сенемін», -деді.

Осыдан соң жеке-жеке сөз алған әр саланың басшылары мен бірлестік жетекшілері жиналған қауымды Достық үйінің 15 жылдық мерейлі мерекесімен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді. Жиын барысында үнемі бірлікті дәріптеп, ел дамуына елеулі үлес қосып жүрген бірқатар азаматтар арнайы Алғыс хаттармен марапатталды. Сонымен қатар мерекелік шара кезінде «Ортақ шаңырақ» жобасы аясында «Ұлттық киім – ұлттың көркі» тақырыбында акция өткізіліп, онда өзге этностардың ұлттық киімдерінен көрме ұйымдастырылып, өнері мен мұрасы, дәстүрлі дүниетанымы кеңінен дәріптелді. Сәнді көрмені алыс-жақынан келген қала қонақтары өңір басшылары, зиялы қауым өкілдері, аудан, қалалық ішкі саясат бөлімінің  жауаптылары мен қарапайым халық бірге  тамашалады. Шара соңы өңір өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз