Бүлінген жолға кім кінәлі?

642
фото А.Нұршанов

Бүгінде Талдықорған  тұрғындарын табиғи газбен қамту ісі кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бұл, әрине, көптің көңіл қуанышына айналған құптарлық бастама. Алайда, сол газ құбырын тартушылардың салғырттығынан қазылған жер дұрыс жабылмай, қарапайым халыққа кесірін тигізуде. Тіпті, сөздің шыны керек, қаладағы таяу уақытта ғана күрделі жөндеуден өткізілген кейбір көше жолдарының быт-шыты шыққан. Ойдым-ойдым шұңқыр-шұңқырлардан аяқ алып жүргісіз. Оның үстіне қыс ызғары қайтып, тоң жібігелі шала жабылған жолдар ойылып түсіп, қаладағы көлік қозғалысын қиындатып, жұртты да әбігерге салған.

Осыған байланысты біз алдымен қала тұрғындарының айтарына құлақ түріп, құбыр көмілген аумақты бір аралап шыққан едік. «Халық айтса, қалт айтпайды» деген. Атүсті қарап, шала істелген істің олқылықтары бірден көзге ұрып тұр. Сол газ тарту жұмыстары бастала салысымен оған жауапты мекеме басшыларына «Екі жұмыс жасап жүрмеңдер» деген облыс және қала әкімдерінің бірнеше мәрте ескертуі елеусіз қалған секілді.

Тілеужан Байысов

Қаладағы Ш.Уәлиханов көшесінің тұрғыны Тілеужан Байысов: «Бұл көше онсыз да көптен бері жөндеу көрмеген. Әйтеуір жыл сайын ойылған жерлері жамалып келген болатын. Өткен жылы қысқа қарай газ құбырын жүргізушілер келіп, қопарып тастап бұрынғы жолымызға зар қылып қойды. Олар қазған жерін толық жапқан жоқ. Газ тарту қарапайым халықтың қамы үшін жасалып жатқан жұмыс екенін біз де түсінеміз. Дегенмен, әркім өз міндетін ойдағыдай  орындаса ешкімнің өкпесі болмас еді. Мұндағы кейбір жерге адам толы қоғамдық көліктер түсіп кетіп, шыға алмай қалған кездері де болды. Жұмысшылар жаңадан жасалып жатқан жолдарды аялауы керек қой. Бірін жасаймыз деп, бірін бүлдіріп жатса не пайда? Жерді, жолды қазсын. Бірақ бұрынғысындай қалпына келтірсін» – деді.

Дұрыс-ақ, тұрғындардың да күйінетін жөні бар. Нақты мәліметтерге жүгінсек, облыс орталығындағы халықты көгілдір отынмен қамту жұмысы 4 кезең бойыша 1 мың 400 шақырымға жуық аумақты қамтымақ. Қазірге  бұл жобаның бірінші кезеңі, яғни 25 пайыздан астамы ғана орындалды. Алғашқы адымда мұндай кемшіліктерге жол берілсе, алда әлі үш кезеңдік жұмыстар тұр.  Сонда, әрбір сатылық жұмыстар осылай шала жасалып қала берсе қаншама жаңа жолдар бүлініп, қаншама еңбектің еш кетерін өзіңіз бағамдай беріңіз.

Еділ Нұғманов

Қала тұрғыны Еділ Нұғманов: «Газ құбыры жүргізіле бастағанда бөркін аспанға атып, бір кісідей қуанғандардың бірі едім. Бірақ, құбыр тартушылардың жұмысына көптің көңілі толмады. Себебі, олар қазған жер ашық-шашық күйінде қалып, шала-шарпы істелді. Ол қаладағы көлік жүргізушілер мен жеке тұрғын үй иелерін әбден шаршатты. Оған көңіл бөліп, назар аударған ешкім жоқ. Кейбір  шұңқырларға көлікті айтпағанда жаяу адамдардың аяғы кіріп кетеді. Біздің үйіміз жол жиегіне орналасқан. Есіктен аттап шыға қалсаң – батпақ. Жаңбыр жауса шұңқыр-шұңқырлардың бәріне су толып кетеді. Бұрын бұл жолдар асфальтталған болатын. Құбыр тартушылар күн жылынғанда келіп жасаймыз деген. Бір қыс өтті, енді оны қашан келіп жасайтыны белгісіз» – дейді.

Иә, тұрғындар айтса айтқандай. «Ертең қатырамыз» деген еріншектердің кесірі көпке тиіп отыр. Мәселен, қаладағы І. Жансүгіров, Қабылиса жырау, Ескелді би, Балпық би көшелерінің шығыс бөлігіндегі жаңадан асфальтталған жерлердің өзі түсіп кеткен. Ойдым-ойдым жолдардан жұрт әбден мезі болған.

Ал қала әкімі Бағдат Қарасаев болса «Облыс орталығында жасалып жатқан әрбір іске жұрт қала әкімдігі жауапты деп түсінеді. Әрине, солай. Дей тұрғанмен, заң жүзінде газ құбырын тарту жұмыстары облыстық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының қадағалауында, «Жетісуоблгаз» ЖШС-нің құзырында. Қазған жерлерін қалпына келтіруге мердігер мекемелер міндетті. Оладың жобаларында солай көрсетілген. Оған қазынадан қаржы берілмейді. Бүгінде біз бірнеше көшені қалпына келтіру бойынша арыздарды сотқа бердік. Енді орындалуын қадағалаймыз» деген болатын.

Рашат Иманмадиев

Біз  көптің көңілін күпті етіп жүрген осы бір мәселеге қатысты тұщымды жауап алу мақсатында «Жетісуоблгаз» ЖШС бас директорының орынбасары Рашат Иманмадиевке жолықтық. «Нұр Отан» партиясы Талдықорған қалалық филиалының  мәжіліс залында журналистер сауалына жауап берген Рашат мырза: «Қазір «Жетісуоблгаз» ЖШС-нің тапсырыс беруінде газ тарту жұмысымен «МБК құрылыс», «Ақбарыс», «Ақниет», «ТУРгаз» сынды бірнеше мердігер мекемелер айналысады. Олар жер қазып, құбыр төсеп, газ жүйелерімен жабдықтайды. Өткен жылдың соңына дейін Талдықорғанда 400 шақырымға жуық жерге құбыр төселіп, 350 абонент қосылды. Енді екінші кезеңдік жұмыстар қолға алынуда. Ал, жер қазып, құбыр өткізу кезінде жіберген кемшіліктер үшін қала халқынан кешірім сұраймыз. Әрі көп өтпей ойлы-шұңқыр жолдарды тегістеп, бұрынғыдай қалыпқа келтіруге уәде береміз» – деді.

«Айтылған сөз – атылған оқ». Нәтижесі алдағы күннің еншісінде.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK