Бүгін Талдықорған қаласы әкімдігінің қызметкерлері тұрғын үйлердің аулаларын аралап, тексеріс жұмыстарын жүргізді. Ең таза атанған аулаға арнайы сыйлықтар берілді.

Қазіргі таңда облыс орталығында 275 аула бар. Алайда, олардың барлығы таза деуге келмейді. Кейбірінде қоқыстар мүлдем жиналмаған. Осыны ескерген Талдықорған қаласының тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Сырым Өренбаев бүгін бір өзі бастап аулалардың тазалығын тексерді. Мекеме басшысының айтуынша, күн жылынып, қар кеткеннен бері 160-қа жуық тұрғын үйлердің аулалары тексерістен өткен. Нәтижесінде, «Қаратал» шағын ауданында орналасқан «Ажарлы Қаратал» пәтер иелері кооперативі (КСК) ең үздік аула атанып, арнайы сыйлықтармен марапатталды.

ПИК төрайымы Галина Ивановна үнемі тазалық басты назарда екенін айтады. Бұл олардың бірінші марапаты емес. 2014 жылы қала күні мерекесі аясында өткен «Ең үлгілі пәтер иелері кооперативі» байқауында ең үздік атанғандардың бірі. Сондай-ақ, «кондоминиум объектісін басқару бойынша үздік ұйым» атты республикалық байқауында ІІІ орынға ие болған.

Мұнымен бірге Л.Асанова көшесінде орналасқан №77-ші тұрғын үйдегі аула тазалығын ауыз толтырып айтуға болады. Яғни, мұндағы пәтер иелері кооперативі өз жұмыстарын ұқыптылықпен атқаруда. Аулаларының ескі болғандығына қарамастан ПИК тазалықты бірінші орынға қойған. Жаз мезгілінде гүлдер отырғызылып, тұрғындардың демалуына мүмкіндігінше жағдай жасалады. Айта кетейік, аталмыш  пәтер иелері кооперативі де өткен жылы қала күні мерекесі аясында ең үздік аула атанған.

Талдықорған қаласының тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Сырым Өренбаев: Біз бұл акцияны өткізудегі басты мақсатымыз – пәтер иелері кооперативінің (КСК) төрайымдарын тазалыққа үндеп, аулаларын жинақы ұстауға шақыру. ПИК төрайымдарын ынталандыру бағытында алдағы уақытта да осындай шараларды жиі өткізіп тұрамыз.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK