«Jetisy Media» орталығында  өткен брифингте Алматы облысы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірханов «Облыстың 2021 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары туралы»  БАҚ өкілдеріне айтып берді.

Спикердің айтуынша, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді жинау» жоспары 108,4% — ға орындалды. Облыс  бюджеті шығыстар бойынша 805,5 млрд. теңгені құрап отыр.Әрине, экономикадағы тұрақты өсу, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру және қабылданған әлеуметтік қолдау шаралары халықтың табыс деңгейін сақтауға, жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеуге  мүмкіндік берді. Өңірбойынша 54 мыңнан аса жұмыс орындары құрылды, 30 мыңдай адам өзіне тұрақты жұмыс тапқан.

Қолданыстағы бағдарламалар аясында 8 мыңнан астам кәсіпкерге 27,5 млрд.теңге сомаға қолдау көрсетілді. Бұл ретте,  2022 жылға «Бизнестің жол картасы» аясында 2 млрд. теңге қарастырылып отыр.

 Сондай-ақ, облыста төтенше жағдай кезінде ағымдағы жылғы 5-19 қаңтар аралығында тәртіпсіздіктер салдарынан шағын және орта бизнес субъектілеріне залал келтірілді. Осы  тәртіпсіздік салдарынан зардап шеккен кәсіпкерлердің тізімі жасалып, талдау жүргізу үшін бизнес субъектілерінің өтініштерін қарау жөніндегі комиссия құрылған.

Комиссияға келіп түскен өтініштерге сәйкес, зардап шеккен кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы саны 146-ны і құрайды және де 4 млрд. теңгеге жуық залал  келтірілген.  Алайда, облыс бойынша барлық  сауда нысандары штаттық режимде жұмыс жасады.

Жомарт Амангелдіұлы  әр сала бойынша  өсу көрсеткіштерін де саралап айтып өтті. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын ұстап тұру мақсатында өткен жылдың қыркүйегінде Үкімет қабылдаған 2021-2024 жылдарға арналған инфляцияға қарсы ден қою шаралары кешенді іске асырылуда.Тұрақтандыру қорында 1,2 мың тонна азық-түлік тауарлары бар. Басымдыққа ие мәселе — бағаны ұстап тұру болып табылады және қатаң бақылауға алынған.

 Карантиндік шектеулер жағдайында көптеген қазақстандықтар  ішкі туризмге бет бұрып, еліміз аймағындағы демалыс орындарын таңдаған.

Мәселен, жазғы маусымның қорытындысы бойынша Алакөл, Балқаш және Қапшағай көлдерінің жағалауына 1,7 млн. адам демалыпты.

Өткен жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында  29 ауылдық елді мекенде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жөндеу бойынша  34 жоба іске асырылған көрінеді . Балқаш, Ескелді, КЕрбұлақ, Сарқан, Панфилов аудандарында дене шынықтыру –сауықтыру кешені пайдалану мен күрделі жөндеуден өтсе, жол, жарық, сумен қамту жұмыстары жүргізілген.Үстіміздегі жылы да бұл жұмыстар жалғасады. 36 ауылдық елді мекенде 16,2 млрд. теңгенің 41 жобасы жүзеге асырылады деп жоспарлануда.

Өткен жылы облыс тұрғындарының 61%-ы    көгілдір газға қол жеткізген.  Ағымдағы жылы тағы 17 елді мекенге газ тартылады деп күтілуде.

Ел  Президенті Қ. Тоқаевтың 2022 жылғы  11 қаңтардағы ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында халықтың табысын арттыру үшін берген тапсырмаларын орындау мақсатында жұмысқа орналасуға мұқтаж адамдарды анықтау бойынша жұмыс басталды.Биыл да  жастарға арналған жобалар бойынша  қатысу кезеңдері ұзартылып, төлемақы мөлшері ұлғаяды. Сонымен қатар, жастардың іскерлік бастамаларына арналған гранттардың мөлшерін екі есеге – 400 АЕК-ке дейін ұлғайтылады (1 айлық есептік көрсеткіш – 3063 тенге,   400 АЕК – 1,2 млн.тенге мөлшерінде ).

Облыстағы үш ауысымды оқыту мәселесін жою мақсатында 7600 орынды 15 мектеп қолданысқа берілді. Оның жетеуі жекеменшік негізде пайдалануға берілді. Өткен жылы 18,1 мың орынға 5 мемлекеттік және 204 жекеменшік балабақша ашылды, 3-6 жастағы балаларды қамту деңгейі 98,6% — ды құрады.

Спикер  өз сөзін  қорытындылай келе, өткен жылы барлық межеленген көрсеткіштерге қол жеткізілгендігін тілге тиек етті. Үстіміздегі жылы да алға қойылған міндеттерді орындау үшін барлық шаралар қабылданатын болады.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK