Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасы «Тұмар» ұлттық телевизиялық байқауында ең үздік өңірлік телеарна номинациясын ұтып алды. Ұжымның қуанышына ортақтасу үшін журналистер үйіне өңір басшысы Амандық Баталов арнайы келді.

Облыс әкімі өз сөзінде телеарна тілшілерін мерейлі жеңісімен құттықтап, шығармашылық табыс тіледі. — Телеарнамыздың жеңімпаз атануы — Жетісу жұртшылығы үшін үлкен қуаныш. Яғни, бұл — ұжымда нағыз өз ісінің шеберлері еңбек етіп жатқандығын білдіреді. Біз жыл сайын телеарнаның материалдық-техникалық жағынан жоғары деңгейде жабдықталуына барынша жағдай жасап келеміз. Мәселен, биылғы жылы 413 млн. теңге қарастырылып отыр. Бұдан кейін де біздің тараптан осындай қолдау шаралары жалғасатын болады. Әрдайым тек биіктен көріне беріңіздер. Жеңістеріңіз құтты болсын! – деді А.Баталов.

Ал, «Жетісу» телеарнасының директоры Бейсен Құранбек арнайы уақыт бөліп, құттықтап келіп отырған өңір басшысына ұжым атынан ризашылығын жеткізді. Айтуынша, байқауға 14 аталым бойынша 400-ден астам үміткер қатысқан. Соның ішіндегі ең үздік өңірлік телеарна аталымын ұтып отыр. «Әрдайым көрсеткен қолдауларыңыздың арқасында осындай жетістікке жетіп отырмыз. Көп рахмет! Бұдан кейін де «Жетісудың» дайындайтын хабарлары сапалы болады», — деді Б.Құранбек.

Айта кетейік, белгілі журналист жетекшілік ететін «Қаракет» бағдарламасы да үздік әлеуметтік жоба атанған. Осылайша отандық БАҚ-ғы маңдайалды тұлғалардың бірі қос тұмарды қолтықтап қайтты. Облыс әкімі Бейсен Абайұлын бұл жеңісімен де құттықтап, шығармашылығына табыс тіледі.

Артынша облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуын насихаттап, ақпарат таратқан және қазақ телевизиясының дамуына зор үлес қосқан бірнеше тілшілер облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ, «Апта» бағдарламасының жүргізушісі, журналист Гүлжанат Мақұлжанова, облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін, «Өлке тынысы» ЖШС бас директоры Мейрам Жанәділов, телеарна бас директорының орынбасары Серік Сарыбай сөз алып, әріптестерін жетістіктерімен құттықтады.

Жиын соңында журналистердің бірқатар ұсыныстары тыңдалды. Өңір басшысы барлық тілектер ескеріліп, қолдау табылатындығын айтты. Яғни, Астананың 20 жылдығы қарсаңында «Жетісу» телеарнасының Астана қаласында тілшілер қосынын ашу мәселесі қарастырылмақ.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK