Еліміздегі  орын алған жағдайға байланысты кешеуілдеп басталған екінші жартыжылдықтың тоқсаны, әлемді жайлаған  коронавирус жұқтырғандардың күрт көбеюіне байланысты кей өңірлерде  оқу онлайн форматта басталғандығы белгілі.

Әрине, бұл жерде   денсаулық басты  қаперге алынады. Сондықтан да  аймақтың бас санитар дәрігерлері коронавирустық инфекцияның таралуына  қарай шешім қабылдайтындығы сөзсіз. Бұл бағытта,  Алматы облысының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің орынбасары А.Чарапиев 2022 жылдың  14 қаңтарында «Алматы облысының аумағында карантиндік  шараларды  күшейту туралы» қаулыға қол қойған болатын. Аталған  құжат бойынша,  атап айтқанда, өңірде бала  саны 600-ден асатын білім ошақтарының оқушылары  қашықтан білім алады. Сондай-ақ жоғары оқу орындарында  оқытудың аралас  формат, яғни, дәрістер  онлайн, икемді кесте бойынша практикалық,  зертханалық, семинарлық-штаттық режимде өткізу көзделген. Мектепке дейінгі білім беретін мекемелер, яғни, балабақшалар ата-аналардың  жазбаша келісімімен жұмыс жасайды.

 Бұл ретте, облыс орталығындағы мектептер мен балабақшалардың жұмысы туралы да сұрап білген едік. «Алматы облысы Білім басқармасы Талдықорған қалалық білім бөлімі» ММ басшысы Роза Барманова: «Талдықорған қаласында  жалпы білім беретін 25 мектепте 32931 оқушы оқиды. Қазіргі кезде коронавирустық инфекцияның белең алуы тұсында  ( келтірілген  көрсеткіш өзгеруі де мүмкін) мектептерде 16 мыңнан аса оқушы қашықтан , 16490-ы  штаттық режимде (офлайн)  білім алуда. Осылайша, үстіміздегі жылдың 17 қаңтарынан бастап оқушылар үшін  3-тоқсан басталды.

Еліміздегі коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі Ведомствоаралық комиссия отырысының хаттамасы негізінде және  Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің  15.01.2022 жылғы  №18-2/62 хатына сәйкес білім алушылар саны 600 оқушыға дейінгі қала мектептері штаттық форматта жұмысын жалғастыра береді. Мәселен,  қала мектептерінің  1-2-сыныптарда  штаттық форматта оқыту ұйымдастырылып отыр. Сонымен қатар 3-5-сыныптарда кезекші сыныптардың жұмысын ұйымдастыруға мүмкіндік берілді. Вакцинацияның толық курсын алған вакцинацияланған оқушылардың, оқу орны әкімшілігінің қалауы бойынша, штаттық режимде оқытуға жол беріледі.

Қазіргі күнде білім беру нысандарында қолайлы және қауіпсіз орта қалыптастыру басты міндет болып отыр. Қала мектептері мамандандырылған күзет, бейнебақылау жүйелері, турникеттер және «дабыл батырмалары» сияқты қауіпсіздік техникасымен қамтамасыз етілген. Талдықорған қаласының барлық мектептерінде мектеп инспекторлары қызмет етеді, олар да балалардың қауіпсіздігін сақтауда кешенді жұмыстар атқаруда»- деді.

Сондай-ақ,  ата-аналардан сабырлық сақтап,  кәмелетке толмаған балалардың көшеде және қоғамдық орындарда қауіпсіздікті сақтау туралы әңгімелесулеріңіз сұралады.

Ал, мектепке дейінгі тәрбие беретін, балабақшалар  ата-аналардың жазбаша өтінішімен  штаттық режимде жұмыс жасап жатыр. Келісімді әрбір ата-ана, баланың асыраушысы  береді.

Қала мектептерінің оқушылары  сабақтан тыс уақытта арнайы  үйірмелерге қатысады. Бұл ретте, үйірмелер жұмыс жасай ма деген заңды сұрақ туады.

Оқушылар сарайы талапты да өнерлі балалардың басын  біріктіріп отырған орталық деуге болады. Оқушылар сарайы директорының оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары  Алмагүл Арапованың айтуынша, өңір санитар дәрігерінің  қаулысын  басшылыққа ала отырып, қосымша білім беру мекемесі өз жұмыстарын қалыпты деңгейде жалғастыруда. Қазіргі таңда  үйірмелерге балалар  ата-аналардың өтініші бойынша қатысады. Оқушылар сарайында  44 түрлі үйірменің жұмысы  6 бағытта  жүргізіледі. Атап айтқанда, эстетикалық, лингвистикалық, музыка, көркемөнер, ғылыми-техникалық, спорттық-туризм  бағыттары қамтылып отыр.

Қаламыздағы №26 орта мектепте  6-11 сынып аралығындағы оқушылар қашықтан оқуда.  Штаттық негізде 1,2 сыныптар, ал, 3,4,5-сынып балалары ата-аналардың  өтініші негізінде білім алуда. Жалпы штаттық негізде 208 оқушы оқуларын жалғастыруда. Ал, мектеп жанындағы шағын орталықта 125 тәрбиеленушісі бар болса, бүгінде олардың 50пайыздан астамы ата-аналардың өтініші негізінде  келіп жүр.

Ата-аналардың пікірі де  бұл жерде өте маңызды.  Ата-ана Динара Рахымберлиеваның  айтуынша,  биыл 4-сыныпқа аяқ басқан баласы үшін  мектепке барып білім алудың орны бөлек. Бастауыш сатыны аяқтайды. Пандемияның жалғасып келе жатқанына үшінші  жылға аяқ басты. Бұл балалардың білім алуына да өзіндік  әсер етті. Қашықтан білім алғанда қатты қиналған. Дұрысы мектепке барып, партаға отырып оқығанға ештеңе жетпейді. Бала сабаққа бару үшін дайындалады. Киімдерін дайындап тазалап, үтіктейді.Тәртіпке, ұқыптылыққа үйренеді.  Сабаққа да қатты мән береді екен. Мұғалімнің үйге берген тапсырмасын өзі орындауға тырысады.

Күні кеше өткен ВАК шешімі негізінде еліміздің Білім және ғылым министрлігі барлық білім беру орындары оқытудың офлайн түріне көшірудің бірнеше алгортимін ұсынды 24 қаңтардан бастап оқушылар да мектепке баратын болды.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK