Биылғы жыл еліміз үшін сәтсіз басталды. Тіпті, халық қара жамылды деуімізге толық негіз бар. Қымбатшылықты алға тартып, бейбіт шеруге шыққандардың жиналысын бәз біреулер ұтымды пайдаланып, арам пиғылды һәм жымысқы әрекеттерін жүзеге асырып бақты. Өртеді, шақты, одан қалды бейкүнә адамдардың өмірін жалмады. Өкінішті, әрине. Осыны жасағандар тиісті жазасын алады деген үміттеміз. Енді, мемлекетімізде мұндай лаңкестік оқиғалар орын алмасын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!

Жә, бүлікшілердің іске асырған қастандығын қоя тұралық. Біз бұл жолы бейбіт митингке шыққан халықтың талабы туралы айтқымыз келіп отыр. Шыны керек, соңғы уақытта жанар-жағар май мен азық-түлік бағасы тым шарықтап кетті. Қысқаша айтқанда, қарапайым ел тұрғындарының тұрмыс-тіршілігі мәз емес. Тапқан айлығы, шайлығынан аспайтын хәлде.

Мәселен, қазір азық-түліктің құны артпаса, кемитін түрі жоқ. Оған халық куә. Орын алып жатқан қымбатшылыққа тағы бір мәрте көз жеткізу үшін біз сауда орындарында жүрген талдықорғандықтардың пікірін білген едік.

Сонымен, жалақысының тең жартысынан көбін тамақ алуға жұмсап жүргендердің бірі – Айнұр Тұрғымбекова. Ол үйге азық-түлік алу үшін айына қалтасынан алпыс мың теңгеге жуық қаражат шығаруға мәжбүр. «Барлығы қымбаттап жатыр. Соған қарамай шамамыз келгенше керегімізді сатып алудамыз. Үйдегі балаларым айран, сүт ішеді. Ойлап қарасаңызыз күнделікті тұтынатын осындай ұсақ-түйек заттардың өзіне әжептәуір ақша кетіп қалады екен. Оған енді ай сайын азық-түлік алатын ақшаны қосыңыз. Барлығын есептегенде, шошисың», — дейді қала тұрғыны.

Айнұр секілді тапқан таянғанының жартысын ішіп-жемге жұмсап жүрген Динара Қожасұлтанова да қымбатшылыққа наразы. Айтуынша, азық-түліктің өткен жылмен қазіргі бағасын салыстырғанда айтарлықтай айырмашылық бар. «Біз, былтыр тамаққа ай сайын 30-35 мың теңге жұмсайтынбыз, қазір елу мыңға жуықтайды. Кірістен көрі, шығындарымыз көбейіп кетті. Жоғарыда отырған билік өкілдері осыған нақты шара қолдану керек. Әйтпесе, бұлай болмайды», — деп пікірін білдірді.

Ал, Татьяна Максимовна сияқты зейнеткерлер қымбатшылық атаулыдан тіпті зиян шегуде. Ай сайынғы зейнетақы тек азық-түлік алуға жұмсалады дейді ол. «Қандай азық-түлікті алып қарасаң да бағаның әжептәуір өскенін байқайсың. Мәселен, жұмыртқаны айтайық. Қазір дүкен сөрелерінен 1300, 1500, 1600 деген сандарды көреміз. Бұл сұмдық қой. Қолға ақша түскенде немерелеріме тәтті жемістерден алғым келеді. Олардың да бағасы уақыт өткен сайын халыққа қолжетімсіз болып барады», — деді зейнеткер.

Халықтың назына куә болғаннан кейін, біз Талдықорған қаласындағы «Toimart», «Magnum», «Small» сынды супермаркеттердің басшылығымен сөйлесіп көрдік. Мұндағы «Magnum»-нан басқа аталған екі сауда желісі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының шекті бағасын ұстап тұру үшін жергілікті әкімдікпен келісім-шарт жасасыпты. Яғни, компания өкілдерінің айтуынша, бүгінде «Toimart» пен «Small» дүкендерінде тауар құны тұрақты. Баға өсімі байқалмайды, әкімдіктің арнайы мамандары жіті бақылауға алған деп сендірді.

«Самал» шағын ауданы, «Toimart» супермаркетінің директоры Әділет Асхатұлы:

— Біздегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы қалыпты. Өткен жылмен салыстырсақ, пәлендей өзгеріс бар деп айта алмаймын. Халыққа қолжетімді болу үшін бекітілген бағаларды ұстап тұрмыз. Мәселен, мұндағы ең арзан нанның бағасы 72 теңге. Бірінші сұрыпты ұнның бір келісі – 193, күріш – 287, макарондар – 215, тауық еті – 875 және тұздың бір келісі – 49 теңгеден басталады. Сондай-ақ, күнбағыс майының бір литрі – 805, жұмыртқаның арзаны (10 дана) – 499-ды құрап тұр.Сиыр, қой еттерін сатпаймыз. Қателеспесем базардағы сиыр етінің бағасы 2 мың теңгенің үсті болуы керек», — деп келтірді.

Ал, жоғарыда атап өткен, халық көп баратын «Magnum» сауда желісі азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында жергілікті әкімдікпен ешқандай келісім-шарт жасаспағандарын мәлімдеді. Себебін білу үшін сондағы жауапты мамандарды сөзге тартып көрген едік, олар барлық сұрақтарымызға компанияның Алматы қаласындағы пиар-менеджері Дмитри Шишкин жауап беретінін айтты. Біз онымен Whatsapp мессенджері арқылы байланысқа шықтық. Оның айтуынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру бойынша келісім-шарт, тек Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және Түркістан қалаларының әкімдіктерімен ғана жүзеге асқан. Ал, қалған өңірлерде бұл мәселе қарастырылмапты. Алайда, компания өкілі келісім жасалмаған өңірлерде белгіленген азық-түлік тауарларының бағасын мейлінше төмен қойғандарын алға тартып отыр.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі:

1) бірінші сұрыпты бидай ұны,

2) бірінші сұрыпты ұннан жасалған бидай наны (пішінді),

3) макарондар (салмақ бойынша),

4) қарақұмық (ұнтақталған, салмағы бойынша),

5) жылтыратылған күріш (дөңгелек, салмағы бойынша),

6) картоп,

7) сәбіз,

8) пияз,

9) ақ қырыққабат,

10) түйіршіктелген ақ қант,

11) күнбағыс майы,

12) сиыр еті (сүйектері бар иық-кеуде бөлігі),

13) тауық еті (массасы бар жамбас және жіліншік),

14) пастерленген сүт жұмсақ қаптамада 2,5% майлылығы,

15) жұмсақ қаптамада айран 2,5% майлылығы,

16) сары май (тұзсыз, майы 72,5% кем емес, толтырғыштарсыз және өсімдік майлары жоқ),

17) тауық жұмыртқасы (I санат),

18) ас тұзы («Экстрадан» басқа),

19) сүзбе 5 — 9% майлылығы.

Біз осыдан кейін Талдықорған қаласы әкімдігінен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша қандай шаралар атқарып жатқанын сұрап білдік. Қала әкімінің баспасөз хатшысы, әрі кеңесшісі Нұр Қанаттың мәліметінше, Үкімет қаулысымен жоғарыда атап өткен тауарлардың 19 атауы бекітілген. Бүгінде сол азық-түліктердің шектен тыс қымбаттамауы үшін «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік коорпорациясымен бірлесіп жұмыс жасаудамыз дейді ол.

«Коорпорация біраз жылдан бері өңірлік тұрақтандыру қоры арқылы және кәсіпкерлік субъектілеріне жеңілдікпен несие беріп, азық-түлік бағасының орынсыз өсіп кетуінің алдын алып келеді. Нақтырақ айтсақ, коорпорация шаһардағы «Toimart», «Small» сынды ірі сауда дүкендеріндегі әлеуметтік маңызы бар азық-түліктерді қаржылай қолдау арқылы олардың бағаны бір қалыпты ұстап тұруына қолайлы жағдай жасауда. Мәселен, бүгінде Алматы облысының әкімдігі бюджеттен қомақты қаражат бөліп, азық-түлік өндірумен және сатумен айналысатын кәсіпкерлік субъектілеріне жеңілдікпен несие беруді қарастырған. Өз кезегінде олар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бекітілген бағасын ұстап тұру бойынша міндеттеледі», — деп атап өтті қала әкімінің баспасөз хатшысы.

Нұр Қанаттың айтуынша, бүгінгі күні Талдықорғанда жеңілдетілген несие алған «Көгер ЛТД», «Ляззат-2016», «Сардар Экспорт», «Сабыржан Компания» сынды жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен «Жібек жолы» ЖК, «Санжар» дүкендері де белгіленген бағадағы әлеуметтік тауарлар сататын сөрелерді іске қосқан. Сондай-ақ, қазір қалада «Жетісу» ӘКК өнімдерін сатумен айналысатын төрт әлеуметтік сауда бұрышы жұмыс жасап тұр. Олардың қатарында Ескелді би көшесіндегі 242/2 «Санжар» дүкені, Абылайхан көшесіндегі 113 Әлеуметтік дүкен, Өтенай ауылдық округіндегі «Айзере» дүкені, (Мира көшесі 1 б), Еркін ауылдық округіндегі «Шойбек» дүкені (Сүлейев көшесі) бар.

Мұнан бөлек, жергілікті азық-түлік тауарларын өндірушілер өз өнімдерін (жұмыртқа және сүт өнімдерін) өндіруші бағалары бойынша тікелей сату үшін төрт дүкен мен он төрт дүңгіршек құрған:

— «Ақ құс» ЖШС (2 дүңгіршек, 2 дүкен);

— «JLC Сүт» ЖШС (10 дүңгіршек, 2 дүкен);

— «Айдын» АЖ (Үштөбі гормол зауыты, 2 дүңгіршек).

Сондай-ақ, коттедж қалашығы, «Көктал», «Шығыс» шағын аудандарында және Солтүстік-батыс тұрғын алабында әлеуметтік дүкендердің орналасу орындарын анықтау жұмыстары жүргізілуде.

«Қала әкімдігі азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында әр аптаның сенбі күндері коммуналдық базарда Талдықорған қаласының және оған жақын орналасқан аудандардың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерін тарта отырып, жәрмеңке ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған. Мәселен, ағымдағы жылдың 15 қаңтарында бір ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп, өнім нарықтағыдан төмен бағаға сатылды. Жалпы, Талдықорған қаласының кәсіпкерлік бөлімі Алматы облысының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасымен бірлесе отырып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 атауының бағасына күнделікті мониторинг жүргізеді», — дейді Н.Қанат.

Айталық, жақында ғана өткен үкімет отырысында инфляцияның өсуіне, азық-түлік пен мұнай өнімдері бағасының көтерілуіне жол бермеу шаралары қаралды. «Қамшы» порталы таратқан мәліметке сүйенсек, Премьер-министр бағаларды тұрақтандыру бойынша салалық ведомтсволардың ұсыныстарын тыңдап, бірқатар тапсырма берген.

Атап айтқанда, бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне монополияға қарсы шара қолдану және делдалдық схемаларды тексеру бойынша жұмысты күшейту тапсырылды.

Өңірлердің әкімдіктеріне үстеме баға мен шекті бағаны бақылау жұмысын күшейту, Қаржы министрлігіне Сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп, нақты тауарларды импорттау немесе өндіру кезінен бастап оларды сатуға дейін міндетті түрде электрондық шот-фактураларды жазып беру бойынша пилоттық жобаны жүргізу мәселесін пысықтау тапсырылды, бұл алып-сатудың әрбір деңгейінде үстеме бағаға мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді.

Ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін Ауыл шаруашылығы министрлігіне ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен тұтыну көлемін есептеп, қажет болған жағдайда сыртқа сату бойынша шектеулер қою тапсырылды.

Энергетика министрлігіне бір ай ішінде мұнай өнімдерін өндіру және сату құрылымын реформалау бойынша заңнамалық түзетулерді дайындау тапсырылды.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп, көмір бағасын өткен жылғы деңгейде сақтап қалу үшін заңға сәйкес шаралар қабылдау тапсырылды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне толық жұмыс істемей тұрған немесе тоқтап тұрған тамақ өнеркәсібі кәсіпорындарына мониторинг пен талдау жүргізіп, олардың толықтай жұмыс істеуі үшін шараларды іске асыру тапсырылды.

Ұлттық экономика министрлігіне мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы жылғы 1-ақпанға дейін Үкіметке Инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенін енгізу тапсырылды.

P.S. Иә, жоғарыда байқағандарыңыздай жергілікті билік қандай шаралар атқарса да, халық бүгінгі азық-түлік бағасына разы емес. Енді жаңадан құрылған үкімет бұл мәселені ретке келтіреді деген үміт бар. Яғни, тыңнан іске кіріскен Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың жұмысына сәттілік. Ол халық үніне құлақ асып, өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарады деген ойдамыз.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK