Биыл  қазақтың қалаулы ұлы, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың дүниеге келгеніне 110  жыл. Өз заманының ұлы саясаткері, үш мәрте Социалистік еңбек ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, кеңес одағында ең биік лауазымға ие болған алғашқы тұлға. Жетісу жұрты жыл сайын тау тұлғаның туған күніне байланысты  арнайы еске алу  шарасын еш назардан тыс қалдырып көрген емес.

Дін­мұхамед Ах­мет­ұлы 1912 жылдың  12 қаңтарында  ару қала Алматыда дү­дүниеге келген. Танымал тұлға өзінің телегей теңіздей білімі мен тәжірибесін, жеке өмірін тұтастай халқына, ұлтына арнап, 1993 жылы 81 жасқа қараған шағында 22 тамыз күні  өмірден өтті.

«Д.А.Қонаев» мұражайының директоры Хания Есдәулетқызы айтуынша, Дінмұхамед Ахметұлы Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы болып, елі үшін еселі еңбек еткен. Ол ел экономикасы мен ұлттық мәдениетінің өркендеуі жолында өзінің білімі мен мол тәжірибесін және ұйымдастырушылық қабілетін аямай жұмсаған. Сондай-ақ, Д.Қонаев түрлі деңгейдегі партия және кеңес қызметтерін атқара жүріп, өктем саясаттың ығымен кете бермей, ел мүддесі мен болашақ қамын бір сәтке де естен шығарған емес.

Аймақтағы зиялы қауым өкілдерінің сөзінше, елу жыл ел басқарған  есіл ер бар ғұмырын көпке арнап, небір қиын-қыстау кезеңдерде өзінің дана да парасаттылығымен сарабдал саясатын жүргізе білген. Мәселен, ол кісі алғаш ел тізгінін қолға алған тұстары қазақтың саны небәрі 2 миллион 700 мың ғана болған. Ал, 1986 жылы бұл көрсеткіш еселеп артып ұлтымыздың саны 7 миллионнан асқан. 1955 жылы одақтас республикалар арасында Қазақстан 14 орында болса, 30 жылдан соң қазақ елі   алғашқы үштікке көтерілген. Желтоқсан оқиғасы тұсында Қонаев Мәскеу жағынан қаншама тергеліп, тектелсе де ешбір кінә табылмаған. Сол баяғы адал да ақиқатшыл қалпынан танбаған. Керек десең басындағы баспанасынан басқа еш байлығы болмаған. Бар байлығым халқым, елім, жұртым деген. Өзі: «Мен қаншалықты жоғары дәрежеде қызмет істесем де өзімнің халқымнан төмен екенімді бір сәт ұмытқан емеспін» деп айтып кеткен болатын.  Сондықтан, қоғам қайраткерінің еліне, жеріне сіңірген ерен еңбегі еш өшпе емес.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK