….. Қара тастан да мейірім күтетін жаратылыс

294
фото Ж.Мұсабеков

Бүгінде Алматы облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастамасымен ауқымды шаралар қолға алынуда. Соның бірі Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетімен бірлесе ұйымдастырылған «Әдебиет – руханияттың діңгегі» атты дәстүрлі әдеби кеш. Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласының «Туған жер» бағдарламасы аясында өткен жүздесуге келген қазақ поэзиясының үш буын өкілі – танымал ақын Ғұсман Жандыбаев, Жанарбек Әшімжан, Мақпал Мыса.

фото Ж. Мұсабеков

Кеш жүргізушісі – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Мемлекеттік «Дарын» Жастар сыйлығының лауреаты, ақын Ерлан Жүніс. Кездесуде сөз алған І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, профессор  Сайлау Қажығұлов кеш қонақтарының шығармашылығына кеңінен тоқталып өтті. Осылайша, басталған үш ақынмен сұхбат арнайы сұрақ-жауап түрінде өрбіп, отты жырлар оқылды. Өзінің 1962 жылы жазылған махаббат тақырыбындағы алғашқы өлеңі мен шығармашылығы, отбасы құндылықтары жайында қойылған сауалдарға тұщымды жауап қайтарған аға буын өкілі Ғұсман Жандыбаев: «Мен негізі әдебиетшілермен де, журналистермен де  бірге оқыған жоқпын. Математика  факультетін бітірдім. Оқушы  кезімде барлық мамандықтың иесі болғым келген, химия пәніне қызыққанымда химик болсам дедім, астрономияны оқығанымда астроном болғым келді. Әр пәнді өзімше жақсы көрдім. Тек бесінші сыныпта оқып жүргенде «Жұлдыз» журналын оқып, сол кездегі ақын-жазушылар, сыншылардың  бәрін осы басылымнан  оқып, танып, білдім. Сонымен, менің мектебім «Жұлдыз» журналы болды. Осы журналды оқи отырып,  әдебиеттегі жолымды  ашуға мүмкіндік алдым. Кейін Алакөл аудандық газетінде ақын Сәкен Иманасов ағамыз  екі өлеңімді жариялады. Осыдан кейін мені   редакцияға жұмысқа шақырды. Онда Сәкен, Қастек Баянбаевтармен бірге жұмыс істей жүріп, сол кісілерден де көп дүниені үйрендім. Кейін Алматыға келгенімде  Мұқағали Мақатаев, Қадыр Мырза Әлиевтің де жақсы бағасын алдым.

Иә, енді  ақындық жайында Төлегенше толғасақ, ақын болу – «әрбір сыз­даған жараның аузында болу» бүкіл адамзаттың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, қуанышы мен қай­ғысын жүрек сүз­­гісінен өткізу. Мұқағалиша айтсақ, «қара тастан да мейірім күтетін» ең жаны нәзік жаратылыс екені даусыз.

Ал, отбасылық құндылықтарға келсек, әйел сөйлеген тұста еркек керең болуы керек, еркек сөйлеген тұста ­ әйел мылқау болуы  тиіс. Сонда ғана отбасы тұрақтылығы  сақталады» деп тұжырымдады.

Өз кезегінде алдымен  Жанарбек Әшімжан мұндай жүздесулерге ұйтқы болып, тыңдарманға рухани азық сыйлаған облыстық тілдерді дамыту басқармасына алғысын жеткізді. Осыдан соң, «Жалаңаш» атты өлеңін оқып көп қошаметіне бөленсе, жас ақын Мақпал Мыса  «Қайнар бұлақ басындағы қарағай» тақырыбындағы жыр жолдарын  арнап әдемі естеліктерімен бөлісті.    «Қазіргі қазақтың бойындағы қай мінезді біз қалдыруымыз тиіс және қай мінезді қайта  оралтуымыз керек» деген сауалға  жауап берген Жанарбек Әшімжан: «Ең  алдымен өтірік айтудан арылуымыз керек. Қазіргі таңда аға буын өкілдері,  тұлғаларымыз көзді бақырайтып қойып, өтіріктің майын тамызып тұрып айтатын болды. Сонымен бірге  жағымпаздық дейтін ауру, артымыздан  қалмай келетін  екіжүзділік деген тағы бар. Құрмет тұтудан да ада қалып барамыз. Бір-бірімізге деген, үлкенге, кішіге деген құрметтен  айырылдық…. Қазақта «Өтірік айтып жағынғанша,  шыныңды  айтып жалын» деген бар ғой. Осыны естен шығармасақ екен»,   – деді ол.

«Жанарбек ағамның сөзін  жалғап  күндестікті, көре алмаушылық қасиетін қосар едім. Бұл шынымен-ақ, адам жанын жаралауға дайын тұрады, өткір пышақ секілді. Бірақ, осы нәрсенің бәрінен бізді биіктік деген өлшем құтқарады. Биіктік деген тағы сол – өлең дер ем… өсектен де, көзден де, сөзден де арашалап, аман алып қалатын өлең деп ойлаймын», — деп түйді  Мақпал Мыса. Кешті қорытындылаған облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айдар Башбаев ақындарға шығармашылық табыс тілеп, мұндай игі шараның бұдан былай да жалғаса беретінін атап айтты.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK