Сан қилы тағдыр тауқыметін бастан өткерген қазақ халқы бүгінде тағы бір сыннан өтті. Соңғы кездері  елде болған бейбіт шерудің соңы бөгде ниетті жандардың кесірінен жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Қаншама нысандар күйретіліп, қаншама дүние-мүлік өртенді. Тіпті, еш жазықсыз жандардың қаны төгілді. Бұл әрина өте өкінішті жағдай.

Осы орайда батыл шешіммен ұтымды шаралар қабылдай білген Мемлекет басшысы халықты сабырға шақырып, бұзақыларды құрықтауға пәрмен берді. Соның нәтижесінде елдегі жаппай тәртіпсіздікке барғандардың дер кезінде жолы кесіліп, бірнеше күнде өңірлерге тыныштық орнай бастады. Сонымен қатар ел Президенті 11 қаңтар күні арнайы бейнебайланыс арқылы Парламент Мәжілісінің отырысына қатысып, елдің Премьер-Министрін тағайындады. Әрі маңызды мәлімдеме жасап жаңадан жасақталған үкімет пен әр аймақтың басшыларына тың міндеттер жүктеді. Елдің тыныштығын сақтап, қарапайым халықтың әлеуетін көтеруге бағытталған жаңа жоба-жоспарларды айқындап берді. Бұл Тәуелсіз еліміздің ендігі дамуына тың серпін беріп, халық тұрмысын қамтамасыз ету бағытында жасалып жатқан тың бастамалар екені анық. Осы орайда мен жалпы Жетісу жұртын бірлік пен берекеге болып, өңіріміздің  өркендеуіне ортақ атсалысуға шақырамын. Күшіміз – бірлікте. Президент бастамалары ел дамуының кепілі. Сондықтан  біз Мемлекет басшысының барлық бастамаларын қолдап, еліміздің ертеңі нұрлы, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болу үшін еңбек етейік, ағайын!

 

 Тұрлыхан КӘРІМ,

Қазақстан Жазушылар Одағының 

мүшесі, Халықаралық және республикалық

сықақшылар байқауының лауреаты.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK