Білім сапасы төмен мектеп басшыларына жаза қатаң

451

Өңіріміздегі  сапалы білім мен саналы тәрбие беру жайын талқылаған алқалы жиын облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омардың төрағалығымен өтті. Талдықорған политехникалық колледжінде өткен жиынға білім басқармасының қызметкерлері, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары, білім бөлімі басшылары мен мектеп директорлары қатысты.

Облысымызда жыл сайын  ондаған білім ордасы пайдалануға беріліп, жеткіншектердің алаңсыз білім алуына жағдай жасалып отыр. Алайда, білім сапасы көңіл көншітпей отыр. Салада  қордаланған мәселе көп.

Кеңесте облыстық білім басқармасының басшысы Дәурен Жүнісов білім сапасын жақсарту, Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық турасында баяндама жасады.

Облыс әкімінің орынбасары Ж. Омар  өткен жылғы  білім сынағында төмен нәтиже көрсеткен  Жамбыл, Панфилов, Кербұлақ аудандарының білім бөлімінің басшыларын және мектеп директорларын орындарынан тұрғызып, мәселенің мән-жайын сұрады. Сондай-ақ, ең нашар білім  деңгейін  көрсетіп отырған  бес бірдей  мектеп директорларын жұмыстан босатуды да тапсырды.

Мұнан әрі облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары  Ж. Сүлейменова  жасөспірімдер арасындағы қылмысты тілге тиек етті.  Ең ауыры- мектеп қабырғасында  білім алып жүрген қыздардың жүкті болуы. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бүгінде 221 жасөспірім қыз жүктілік бойынша тіркеуге алынған. Осы бойынша аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары мен білім бөлімінің басшыларынан сұрау алған облыс әкімінің орынбасарын  көпшілігінің мұндай дерекпен таныс болмауы қынжылтты.

Алқалы кеңесте облыстық білім сапасын бақылау департаментінің директоры С. Досматованың да есебі тыңдалды. Тексеру барысында бастауыш сынып оқушыларының білім деңгейінің  төмендігі анықталған. 26 мектептің 19-ында қорытынды бағалау сәйкессіздігі байқалған. Бұл деген бағаны көтермелеп қою, «Алтын белгіге» үміткер емес оқушыларды негізсіз жетелеу тәрізді жайттар орын алған.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK