Дін – иман айнасы. Осы бір қасиетті қағиданы 18 мың ғаламның жартушысы жалғыз Аллаға деген ұлы сеніммен ұстана білу – әр мұсылман баласының басты парызы. Жасырары жоқ кешегі Кеңес Одағы тұсында ұмыт қалған бұл құндылық еліміз егемендік алып, еңсе тіктегеннен бері халықпен қайта қауыша бастады. Мұнда жалпы еліміздің әр аймағынан көптеген жаңа мешіт ғимараттары бой көтеріп, жұрт жаппай ата-бабамыздан келе жатқан ислам дінінің шариғат шарттарын орындауға бет бұрды. Алайда, осы аралықта көп ұлтты қазақ даласына жақсының атын жамылып,  жамағатты алжастыруға сұқтанған жат пиғылды діни ағымдар қара құртша қаптап келіп, өз көздегендерін жүзеге асыруға тырысып бақты. Соның кесірінен дінге келушілер кімге сенерін білмей дағдарып, кейбір бауырларымыз жат дінді насихаттаушылардың жетегінде кетті.

Осыған сәйкес соңғы жылдары елімізде дін туралы жаңа заң қабылданып, ол көптеген заңсыз діни ұйымдардың жүгенсіздігіне тосқауыл қойып, әркімнің өз дінін ұстануына зор мүмкіндік берді. Аталған заң ережелері аясында бүгінгі таңда тұрғындардың ақ пен қараның аражігін ажырата білуіне бағыталған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының үгіт-насихат топтары жүйелі түрде жұмыс жүргізіп келеді. Бұл бірішіден ел ертеңі саналатын қазақ жастарын тура жолдан таймауға жебесе, екіншіден оларға ислам дінінің ізгі қасиеттері әлемдік өркениеттің негізін қалаушысы екендігін анық аңғартады. Осыған байланысты қазір Алматы облысының орталығы Талдықорған өңірінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасына сай ауқымды істер атқарылуда.

Аллаға  шүкір!  Еліміз Тәуелсіздік алып, ес жиып, еңсе тіктегеннен бері халық жаппай дінге, мемлекеттік тілге бет бұрды.  Кешегі Кеңес үкіметі тұсында ұмыт бола бастаған салт-дәстүр, әдеп-ғұрыптарды қайта жаңғыртып, рухани бір серпіліске кенелді. Тіпті, жыл санап жұрттың имандылық ұстанымына деген ынтасы артып, жер-жерде Алланың қалауымен  көптеген мешіттер бой көтерді. Міне, бұл азаматтарды ізгі имандылыққа жебейтін игі бастамалардың тағы бір парасы екені  еш даусыз.

Алайда, қазірге дейін кейбір дінге келушілер ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін тура бағамдай алмай жат ағымның арбауына түсіп кетуі бек мүмкін. Оларға шынайы шариғат шарттарын түсіндіріп, ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы ұстанып келген дәстүрлі дін жолына бағыттау – біздің және жалпы дін саласындағылардың басты міндеті. Осыған сәйкес соңғы жылдары аймақта арнайы үгіт-насихат топтары  құрылып, олар ауыл-аймақты аралап, түрлі кездесулер ұйымдастыру арқылы тынбай түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Онда белгілі дінтанушылар мен ғалымдар арнайы ұсыныс пен уағыздар айтып, жұрттың ізгі ықыласына бөленуде. Атап айтсақ, қайырымдылық, сауат ашу, жат ағымның алдын алу, үгіт-насихат сынды төрт бағыттан тұратын бұл бастама жыл сайын өз жалғасын тауып келеді.  Сонымен бірге мешіт имамдары дін істері, ішкі саясат,  жастар саясаты және ішкі істер басқармаларының мамандарымен бірлесіп көптеген игі істер атқарды. Соның нәтижесінде осыған дейін жат ағымның жетегінде жүрген біраз адам кері қайтарылып,  түрмеде отырған жазасын өтеушілердің тура жолға түсуіне көптеген бағыт-бағдар берілді. Мұндай шарапатты істер әліде жалғасын таба бермек. Еліміз аман, жеріміз тыныш, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай!

                                                                                          Керімбек ДӘУІТОВ,

Алматы облысы Талдықорған

қаласындағы «Тәубе»

мешітінің бас имамы .

 

 

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK