Жаңа жыл қарсаңында ардагерлерді құттықтады

754
Фото авторы Д.Сағындық

Талдықорған қаласының әкімі Ержан Жасыбаев Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Ұлы Отан соғысының ардагерлері Төлеубай Шектібаев, Ысқақ Құсайынов пен Сәрсенбай Қаңтарбайды  құттықтады.

Шаhар басшысы майдангерлердің үйлерін аралап, оларға дайындаған сый-сияпат, тарту-таралғыларын табыс етті. Ержан Бәкірбайұлы  «Биыл еліміз үшін ерекше қасиетті Тәуелсіздігімізге 30 жыл толып отыр. Сіздер ерен еңбектеріңізбен жас ұрпаққа жеңіс сыйладыңыздар. Ел Тәуелсіздігіне қосқан үлестеріңіз орасан зор. Ынтымақты ұран, татулықты ту еткен бейбіт халқымыз осы уақыт аралығында толағай табыстарға жетті. Сіздерге мағыналы ғұмыр, жақсылық пен бақ-береке тілеймін. Көңілге қуаныш, жүрекке шаттық сыйлаған Жаңа жыл құтты болсын. Барыс жылы несібесі мол жақсылық әкелсін»-деді.

Фото авторы Д.Сағындық

Айта кетейік, ҰОС-на қатысқан ардагерлердің қатары жыл өткен сайын азайып келеді. Өкінішке орай, бүгінде Талдықорған қаласында 3 майдангер ғана қалған. Солардың бірі – I дәрежелі «Отан соғысы» ордені, «Ерлігі үшін», «Ерен еңбегі үшін» мерейтойлық медальдарының иегері Төлеубай Шектібаев. Ол мектепте оқып жүрген кезінде «Бәрі де майдан үшін» деген ұранмен еңбек еткен ауыл адамдарына қосылып, егін, мал шаруашылығын өркендетуге қомақты үлесін қосты. Жасы 18-ге толған соң, әскери комиссариаттың шешімімен әскер қатарына алынады. 1943-1944 жылдары шекараны жаудан қорғап, неміс басқыншыларын тазартуға қатысқан.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK