Gooqle компаниясында жұмыс істейтін қазақ жігіті  Мадияр Айтбаев туралы  хабарларды көрген, мақалалармен танысқан  көпшілік ол туралы деректерге қанық.  Біздің газет арқылы да оның аты қалың оқырманға жақсы таныс. Тәуелсіздіктің құрдасы, талдықорғандық Мадияр Айтбаев  білімімен шетелдік  атақты компанияда танылған азамат.

Талдықорғандық Мадияр Шарханұлы 2014 жылы АҚШ-тың Калифорния штатында IMO атты  компанияда тағылымдамадан өтеді. Өз қабілеті мен талабының арқасында 2015 жылы «Gooqle»  компаниясының Лондон қаласындағы  офисіне шақырту алады. Осылайша оның есімі таныла бастады.

 «Gooqle» компаниясының «Андройд студио» бөлімінде жұмыс жасады.  Олардың командасы ұялы телефондарға  «Гугл» компаниясының бірнеше қызмет түрлерін енгізумен айналысады. Айтуынша,компанияның жұмысшылар­ға жасап қойған мүмкіндігі керемет көрінеді.

« Мұнда, мен секілді кез келген жас, жаңадан келген маман басшылыққа емін-еркін өз ойын жеткізуіне болады. Яғни, басшының алдына кіріп, онымен  пікірлесуге шектеу қойылмаған. Сондай-ақ жұмысты Қазақстандағыдай таңертеңнен  қара кешке  дейін  кабинетте отырып істеу керек деген қағида жоқ. Үйде отырып та жұмысыңды жалғастыра берсең болады», -дейді ол.

Әрине, келісімшартта көрсетілгендей  шетелдік  компанияда  жұмыс істеудің тиімді  тұстары көп көрінеді. Айтуынша, бастысы жұмыс жасалса  болды.  Күндіз-түні кеңседе қалып, жұмыс жасайсың ба, үйде боласың ба, өз еркің. Кез келген уақытта келіп, кетіп жүруге болады. Тіпті жексенбіде де. Алатын тәжірибе айтарлықтай көрінеді. Қызметкерлер үшін барлық жағдай жасалып қойған, тегін тамақтану, тренингтерге қатысу, денсаулықты түзеу тағы да басқа.

2020 жылға дейін осы компанияда қызмет жасаған Мадияр бүгінде  «Snap» компаниясында.  Жас жігіт тәжірибе жинақтауды мақсат тұтады.

Бала күнінен математика пәніне қызығушылық танытқан ол мектепте алғыр еді. Сондықтан да, Талдықорған қаласындағы қазақ-түрік лицейінің емтиханынан қиналмай өтті. Оқуын осы жерде жалғастырған өрен облыстық, республикалық пәндер олимпиадасында үнемі жүлделі орындар төрінен көрінді.  Информатика бойынша республикалық олимпиаданы бағындырып, бірнеше мәрте халықаралық  білім байқауларында жүлделі орындарды иеленгеніне куә болған едік. Кезінде «Бағдарлау» (программирование) бойынша  халықаралық олимпиадаға әлем мықтыларымен сайысқа түсіп, қола медаль иегері атанып еді. Арман қуып, өзі  қалаған Қазақ-Британ техникалық университетіне түсіп, ойдағыдай аяқтап шықты.

Бүгінде әлемдік ірі компанияларда қызмет жасап жүрген жас « Қазақ деген елдің атын әлемге паш ету арманым»,- дейді. Қазақстанның  жастары білімдерімен әлемді мойындата береді деген ойдамыз. Тәуелсіз еліміздің жастары өз білімдерімен  әлемге танылып жатса, мұның өзі үлкен қуаныш!

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK