Ұлтымыздың кешегісі мен бүгінін құрайтын құнды құжаттарды болашақ ұрпаққа аманат ету міндеті мұрағатшыларға сеніп тапсырылған. 22 желтоқсан — тарихымызды қаттап келер ұрпаққа жеткізуші архив қызметкерлерінің  кәсіби мерекесі ретінде күнтізбеге енді. Осы орайда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев архив саласы туралы: «Архив – қағаз қоймасы емес, нәр беруші кәусар бұлақ», деп атап өткен болатын.

 

 Архив ісінің жағдайы мен даму келешегі, ақпаратты іздеуді тиімді ұйымдастыру, ақпараттық ресурсты іріктеу,  архивтік деректер базасына қолжетімділік турасында «Талдықорған мемлекеттік архиві» КММ директоры Гүлжихан Истамбековадан   сұрап білген едік.

-Тарихи мұраны түгендеуде маңызды сала саналатын осы архив ісі. Биылғы Тәуелсіздіктің 30 жылдығында ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстарды жүзеге асырдық. Біздің басты міндетіміз- Қазақстан Республикасының Ұлттық архивтік қоры құжаттарына белгіленген тәртіпте оңтайлы жағдай жасау, тарихымызды баяндайтын аса құнды құжаттарды толық көлемде болашақ ұрпаққа тапсырылуын қамтамасыз етуіміз қажет. «Талдықорған мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде 23 адам қызмет жасайды.Олардың қатарында 18 маман және 5 техникалық персонал бар. Архив ғимараты үлгіге сай 1976 жылы салынған, құжаттарды оңтайлы сақтауды қамтамасыз ету үшін барлық талаптар мен нормаларға сай.  2017 жылы архив ғимаратына күрделі жөндеу жұмысы жасалды.

Мемлекеттік сақтаудағы құжаттар — 4 арнайы архивтік қоймада сақталады. Ол жерде  санитарлы-ылғалдық, температуралық режим қатаң ескеріледі. Құжаттар арнайы қораптарға салынған. Қазіргі таңда архив қоймаларында 698 қор бойынша 27559 іс сақталуда.Құжаттардың хронологиялық шектері 1850-2017 жылдар аралығын құрайды.  Арапша жазу, латын графикасындағы  үлгісіндегі құжаттар да сақтаулы.

«Төте жазу» Қазақстанда 1928 жылға дейін пайдаланып келген. «Талдықорған мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде араб графикасында 50 қор бойынша 3428 құжат сақталуда. Бұл жазу түрі көбінесе Жаркент және Лепсі уездерінің 1917-1928 жылдар аралығындағы құжаттарында кездеседі. Атап айтатын болсақ, Жаркент уездік — қалалық комитеті қазақ кедейшілігінің «Қосшы»одағы , Жұмысшылар, шаруа және қызыл әскер депутаттары кеңестері атқару комитетінің Жаркент уездік халық шаруашылығы кеңесінің отырыс хаттамалары араб тілінде жазылған.

Соңғы отыз жылдықта Талдықорған мемлекеттік архиві біздің қоғамымыздың тәуелсіздік жылдардағы дамуын сипаттйатын құнды құжаттармен толғуда.Мәселен, 2021 жылдың 1-желтоқсанына дейінгі аралықта 884 қор, 305111 сақтау бірлігін қамтып отыр.

Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында құжаттарды белсенді түрде цифрлық форматқа көшіру қажетттілігі турасында айтқан болатын. Осы тұрғыдан алғанда «Архив-2025» жобасы іске асыру бойынша кешенді іс-шаралармен қатар «Е-Архив» ақпараттық жүйесі әзірленіп, материалды-техникалық база толықтырылуда,-дейді мекеме басшысы.

Архивте 4 бөлім бар көрінеді. Олардың өзіндік атқаратын қызметі ерекше. Оның  біріншісі, Ведомстволық архивтерді бақылау бөлімі,екіншісі, Кадр жұмысы мен қаржы шаруашылық қызмет бөлімі; үшіншісі,  Құжаттардың сақталуын қамтамасыз ету және ақпаратты іздестіру жүйесін қалыптастыру бөлімі болса, төртіншісі, Ғылыми анықтамалық аппарат және құжаттарды пайдалану бөлімі болып бөлінеді.

Тарихтың қатпарынан тұратын бұл мекемеден  мемлекеттік  сақтаудағы құжаттарды табуға болады.  Мәселен, 1850-1918 жылдардағы Жетісу  өлкесіндегі шіркеулердің туу туралы акті жазбаларының кітаптарын, Талдықорған қаласының, облыстық партия және комсомол ұйымдарының 1923-1991 жылдардағы құжаттары сақталуда. Бұл құжаттар бойынша  мемлекеттік сақтауда 63 қор бойынша  82 187 деректер  жинақталған.  Құжаттар Жетісу өңіріндегі 20-шы жалдардағы санқилы оқиғалар мен іс-шаралардан бастау алып, Кеңес үкіметінің құлауы мен коммунистік партия мен комсомолдың тарауына дейінгі деректерден тұрады. Лепсі және Жаркент уездерінің 1918-1935 жылдар аралығындағы 10 мыңнан астам аса құнды құжаттары сақталуда.

Сонымен қатар, жеке тектік құжаттар, яғни облысымызға  және қаламызға  еңбегі сіңген әйгілі азаматтар Косенков Иван Васильевич, Курганский Тимофей Михайлович, Битюков Иван Кириллович, Сақауова Батима Есболатқызы,  Жмутской Савва Никитич, Головацкой Николай Никитич, Ахметов Өктай Ахметұлы, Алпысбаев Әли Демегенұлы, Жулан  Сыздыков пен Роза Умралиевнаның отбасылық қоры сақталуда. Ал, түрлі фотолар мен   фоноқұжаттар- қала өмірінің әлеуметтік-мәдени өмірінен сыр шертеді. Сондай-ақ, өнеркәсіп пен ауылшаруашылығының даму үрдісі жайлы қызықты деректер де бар. Оқу залында зерттеушілердің жұмысы ұйымдастырылады. Зерттеушілер өз тақырыптары негізінде, архивтегі сақтаудағы қор құжаттарын зерттей алады.

Ғылыми-анықтамалық аппараттық жүйеге: тізімдер, қорларға тарихи анықтамалар, сілтеме, мекемелердің тарихы туралы картотека, ақпараттық анықтама қоры 1744 кітаптан, кітапшалардан, журналдардан тұрады.

 Архив ісінің дамуына өзіндік үлес қосқан қызметкерлер қатары да аз емес. А.А.Маслина, Е.Т.Гонтарь, Г.Г.Кузнецов, А.Т.Чиченко, Л.В.Жукова, А.Г.Зарипов, И.Г.Швейцер, Н.И.Сорокина, Е.С.Калинина, Ж.Мейірбеков, Т.И.Коренева, М.Шабанбаев, Н.С.Никулаев, С.Зайнуллин, Ю.Светлов, Г.Ф.Малькова, Л.В.Петренко, Н.И.Гассан, В.В.Чеканова, Р.Х.Мукашева, М.Қ.Байденова тәрізді білікті де білгір мамандар қызмет жасады.

Архив 2015 жылы Ұлттық бизнес-рейтинг ұйымдастыру комитетінің «Жыл кәсіпорны» байқауында Қазақстан Республикасының 100 көшбасшы кәсіпорнының құрамына еніп, «Алтын» рейтингті иеленді.

«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Электронды құжаттардың бірыңғай архиві» ақпараттық жүйесін қалыптастыруға да күш салуда. Бұл мақсатта  архив қорындағы құжаттарды цифрлы форматқа көшіру жұмыстары жүргізіле бастады. Қазіргі таңда 1 қор, 205 іс, 34414 парақ цифрлы форматқа көшірілді.

Әрине,заман ағымы мен уақыт тоқтаусыз алға жылжуда.  Архивтердегі цифрлы ресурстардың жағдайы мен оларды бір жүйеге біріктірудің перспективалары және біртұтас ақпараттық кеңістіктің бөлшегі ретінде архивтік ақпараттық ортаны құруға баса назар аударылуда. Басшының айтуынша Талдықорған мемлекеттік архивінің қызметкерлері тарапынан «Архивтік анықтамалар, архивтік құжаттардың көшірмелерін немесе үзінділер беру» мемлекеттік көрсетілетін қызметі көрсетіледі.Жеке және заңды тұлғалардан, көптеген жағдайда электрондық портал «E-gov» арқылы келіп түскен сұраныстағы хаттарға, толығымен мәлімет беріліп, сапалы түрде 11 жұмыс күннің ішінде жауап қайтарылады.

Архив қызметкерлері әрдайым тарихи мұраны  сақтаушылар ретінде халыққа танылған. Өткен кезеңнің бай қазынасы мен бүгінгі күннің құнды деректерін келер ұрпаққа жеткізу, ғылыми айналымға қосу ісі жаңа шешімдерді талап етеді. Өйткені, мұрағат құжаттарын сол күйінде сақтап қалу барған сайын күрделене түсуде. Қағаз қоршаған ортаның әсеріне төзімсіз, сондықтан қағаздағы құжаттарды цифрландырылған түрге айналдыру қажет. Бұл  бүгінгі күннің талабы дейді мұрағатшылар. Өткен күннің айғақтарының бәрі болашақтың негізі болып саналады.

      

                                                                 

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK