Облыстық «Жетісу» телеарнасының төл өнімі «Ән шырқайық» бағдарламасының екі жылдық мерейтойына орай аталмыш арна ұжымы қайырымдылық кеш өткізді.

Өңіріміз қашанда жылағанның көз жасын сүртіп, жығылғанға дем беріп, қиналғанға қол ұшын соза білетін жомарт жандарға толы. Жетісу жұртшылығы бұл жолы да осы қалпынан айнымай сүйек қаңқасының қатерлі ісігіне шалдыққан Азамат Раxымбектің дертіне бей-жай қарамай, балақайдың еміне қажетті қаражаттың бір бөлігін жинады. Алаңсыз асыр салар балғын балалық шағын үй мен ауруxана арасында өткізіп жүрген қаршадай баланың «өмір сүрем» деп ауыр дертпен күресуі кім-кімнің де жүрегін сыздатқаны сөзсіз. Иә, ол осынау уақытша төбеде үйірілген қара бұлттың бір күні сейілеріне, уайымсыз, қорқынышсыз шұғылалы ақ таңның атарына сенеді. Бір отбасының ізін жалғастырушы ұрпақты дүниеге әкелген ана жүрегі де үміт сәулесінің сөнбейтінін сезеді.

Қайырымдылық  шарасына аймағымыздың, сонымен қатар, алып шаhар Алматыдан арнайы келген өнерпаздар да өз үлестерін қосты. Дәрібаевтар отбасылық ансамблі, Ләззат Байырбекова, Есет Сәдуақасов, Естай Әлікеев сынды эстрада жұлдыздары әсем әннен шашу шашты. Билеттен түскен 380 мың, «Қайырымдылық жәшігіне» жиналған, сондай-ақ,  жүрегі жомарт кәсіпкерлер ұсынған қаражат Азаматтың анасының қолына табысталды.

Назерке ӘДІЛБЕКОВА.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK