Бүгін Талдықорғанда жыл қорытындысы бойынша Алматы облысының үздік спортшыларын марапаттау рәсімі өтті. Салтанат сарайында болған басқосуға спортшылар мен бапкерлер және БАҚ өкілдері қатысты.

Жиында алдымен спортшылардың жетістігіне арналған бейнеролик көпшілік назарына ұсынылды. Онда жетісулық саңылақтардың үлкен ареналарда бағындырған белестері сөз болып, спортқа жасалып жатқан қолдаулар әспеттелді.

Атап айтсақ, Токиода өткен жазғы Олимпиада ойындарында ауыр атлетикадан облыс спортшылары Игорь Сон мен Зульфия Чиншанло қос қола медальды жеңіп алды. Мұндай оң динамика басқа халықаралық жарыстарда да байқалады. 2021 жылы облыс спортшылары Әлем чемпионаттарында (ардагерлер, мүгедектер, ересектер, жастар, жасөспірімдер арасында) 32 алтын, 15 күміс және 18 қола медаль, ал Азия чемпионаттарында (ересектер, жастар, жасөспірімдер арасында) 8 алтын, 17 күміс және 11 қола медаль еншіледі.

Жалпы, жыл басынан бері облыс спортшылары республикалық және халықаралық жарыстарда 2663 медаль (888 алтын, 799 күміс және 976  қола) жеңіп алды. Бұл еліміздің 30 жылдық Тәуелсіздігінің кезекті жемісі.

Салтанатты шарада сөз алған облыс әкімінің орынбасары Арслан Дәндібаев спортшылардың бұл жетістігіне ризашылығын білдіріп, еліміздің, оның ішінде Алматы облысының атын шығарып жүрген спортшыларға ризашылығын білдірді.

Сондай-ақ, айтулы жиында спорттық инфрақұрылымның дамып жатқандығы да сөз болды. Жалпы, бүгінде Алматы облысында 3856 спорт ғимараты жұмыс істейді. Оның ішінде 13 дене шынықтыру-сауықтыру кешені жақында пайдалануға берілген. Қазіргі уақытта, 4 дене шынықтыру-сауықтыру кешені бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Бұл спорттық нысандар Елбасының тапсырмасы, Мемлекет басшысының қолдауымен және облыс әкімдігінің тікелей басшылығымен іске асып жатыр.

Сонымен қатар, 3 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы, Талдыкорған қаласының Орталық стадионы реконструкциялау және 4 спорт кешеннің құрылысы бойынша жобалау-сметалық құжаттамалар әзірленуде. Бұл спорттық ғимараттар барлық спорт әуесқойларын қызықтыратын, дене шынықтыру және спортпен айналысуға мүмкіндік беретін нысандарға айналмақ. Жас чемпиондарды дайындайтын ұстаханаға айналған спорт кешендері спорттың бірнеше түрінен балаларды қабылдап, жаңа есмдердің шығуына ықпал ететін болады дейді мамандар.

Осыдан кейін 2021 жылдың қорытындысы бойынша «Хан Тәңірі» спортшылар сыйлығын табыстау рәсімі өтті. Марапаттау кезінде Токио ХХХІІ жазғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегерлері Игорь Сон мен Зульфия Чиншанлоға бір миллион теңгенің сертификаты табысталды. Ал, ХХХІІ жазғы Паралимпиада ойындарының қатысушылары Раушан Қойшыбаева (4 орын), Рахметжан Хамаев (5 орын) және Гүлбану Әбдіхалықовалар (7 орын) 500 мың теңгеден иеленді. Сонымен қатар, Әлем және Азия чемпионаттарында жоғары нәтижелерге қол жеткізген спортшыларға 500 мың теңгеден берілсе, волейболдан әйелдер командалары арасында Орта Азия чемпионы атанғаны үшін «Айқаракөз» волейбол командасына 1 миллион 500 мың теңге табысталды.

Мұнан бөлек, Халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізген спортшылардың жаттықтырушылары мен сала мамандары «Дене шынықтыру мен спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «Алматы облысы спортының дамуына қосқан үлесі үшін», «Спор саласының үздігі», «Үздік жаттықтырушы» және «Үздік спорт қызметкері» сынды төсбелгілерімен наградталды.

Сондай-ақ, бірнеше қызметкер ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің және облыс әкімінің құрмет грамотасымен, алғыс хатымен марапатталды. Саламатты өмір салтын, дене тәрбиесі мен спортты насихаттаған БАҚ өкілдері де лайықты құрметке бөленді. Марапаттау рәсімінде сөз алған спортшылар қолдау білдіріп жатқан облыс әкімдігіне шексіз ризашылықтарын жеткізді.

Айта кетейік, бүгінде Алматы облысында дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде 667 мың адам айналысады, бұл облыс халқының 32 пайызын құрайды.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK