Бұл біздің сан ғасырлар бойы ата-бабамыз аңсаған, тәуелсіздікке қол жеткізу, қазақ ұлтының өз Отанын құру мақсатында талай ауыртпалықтарды бастан кешіп, батырларымыздың қайтпас қайсарлығы мен ерен ерлігінің арқасында жеткен бостандығымыз.Тәуелсіздік үшін жанын қиған батырларымыздың ерлігі мәңгі ел есінде болмақ, иіліп тағзым етеміз.

Тәуелсіздік алудың бір қадам алдындағы кезең менің студенттік жастық шағым. Ол кезде текті, намысшыл, патриот жастарымыз көп болатын. Ата-бабамыздың көкейінде кеткен азаттықтың туын желбірету – сол ызғарлы желтоқсан оқиғасына тұспа-тұс келгендей. Елбасымыз: «Қазақстанның болашағы – жастардың қолында», – демекші, сол кездегі жалынды жастар қайсарлығымен, елін сүйген нағыз батырлығымен отан үшін отқа түсті. Атап айтсақ, Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Ербол Сыпатаев, Сабира Мұхамеджановалардың және сол кездегі патриот жастарымыздың ерлігін мақтанышпен айтып жүру біздің парызымыз. Қазақ жерінде осындай жүрегі елім деп соғатын азаматтарымыздың көптігімен қуанамыз, мақтан тұтамыз!

Осындай оқиғаның басы-қасында жүрген мен, Тәуелсіздіктің қадір-қасиетінің деңгейін сөзбен жеткізе алмаймын. Тәуелсіздіктің баға жетпес байлық екенін ұғынып, осыны қоғамға, жастарға түсіндіруді алдыма мақсат етіп қойдым және сол мақсатқа жету үшін аянбай еңбек ету қажет деп білдім. Сол жолда ұстаздық қызметімді атқарып, балаларға саналы тәрбие мен сапалы білім беріп келемін. Әл-Фараби бабамыздың: «Адамға ең бірінші тәрбие берілуі қажет, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деген сөзін ұран ете, жастар бойына тәрбиені сіңіруде, патриоттық сезімді күшейтуде түрлі кездесу сұхбаттарын, іс-шараларды ұйымдастырып отырамын.

Қазіргі таңда жылдар бойы мектеп директоры, аналар кеңесінің төрайымы қызметіндемін. Өзім қарапайымдылықты сүйемін. Бұйыру емес, бірігу, бірлесіп жұмыс жасауды басты міндет етемін. Ең бастысы, қарапайымдылық, адамгершілікті бойыма сіңіріп, елім деп еңбек етуде еш аянған емеспін. Бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербеткен аналармен тығыз жұмыс жасап, әр түрлі мәселелерге байланысты кеңес беріп, қолдау білдіру, мұғалім, оқушы, ата-анамен  тең, ашық қарым-қатынас орнату – басты мақсаттарымның бірі.

Тарих тұрғысынан алғанда, отыз жыл – көзді ашып-жұмғандай қас-қағым сәт. Осы аралықта мен қандай қызмет еттім? Еліме қосқан үлесіме берер бағам қалай? деген сұрақтарды өз-өзіме жиі қоямын. Бұл сұрақтар әрбірімізді толғандыруы тиіс. Алдағы уақыттарда Тәуелсіздігіміздің мәңгі болуы үшін жастардың бойынан қайсарлық пен намысшылдықты дамыту өте қажет. Бұл жолда ұстаздар мен ата-ананың балаға берер тәрбиесі алғашқы орында. Соның ішінде, әйелдер қауымын ерекше атап кетер едім.  Бауыржан Момышұлы атамыздан бір кісі жер бетінде ең батыр адам кім екенін сұрағанда, ойланбастан қыз баласын атап айтады. Оның мəнісін сұрағанда, былай деп жауап беріпті: –  Мен қанша батыр болсам да, бөтен, танымайтын елге бір сағатта тұрғым келмей қашамын. Ал, қыз болса, барған жерінде жалғыз өзі өмірінде көрмеген, танымайтын адамдармен тіл табысып, сол елді біріктіріп ел де қыла алады, сыйлата да алады, алыса да алады. Қаймықпастан сол елдің ұрпағын да көбейтіп, сол елді жеңіп, мəңгі билейді, – деген екен. Бұдан шығатын қорытынды, қазақтың патриот жас ұрпақтарын тәрбиелеп, қазақтың ұлы азаматтарының шығуына аналарымыздың рөлі аса зор болмақ.

 Сөзімді түйіндей келе айтарым, «Тәуелсіздік» ұғымын тереңінен ұғынып, тыныш, бейбіт күндерде өмір сүруіміздің мәнін әрқайсымыз жүрек түкпірінде сақтап, қадірін түсіне білейік! Әрбір қазақ отбасында елім деп еміреніп тұратын азаматтарымыз толастап, Тәуелсіздігіміз тұғырлы, баянды болғай!

Эльмира Иманбердиева,

 Алматы облысы Текелі қаласының

аналар кеңесінің төрайымы.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK