Шынықсаң – шымыр боласың. Иә, қазақ осы тәмсілді бекер айтпаса керек. Спорттты үнемі серік ету арқылы бойдағы қуатты арттыруға, тіпті үлкен белестерді бағындыруға болады. Бұл сөзімізге жастайынан гір тасын көтеріп, спортпен тұрақты шұғылданып келе жатқан Әбдуәли Тастановтың жетістігі дәлел. Бүгінде ағамыздың жасы алпыстан асқан. Алайда, егде тарттым деп отырған ол жоқ. Күші жастардан асып түспесе, кем емес. Қазір әлемдік жарыстарда бағын сынап, ел мерейін асқақтатып жүрген жайы бар.

Ә.Тастанов – армрестлингтен Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Әлем чемпионы, Азияның 10 дүркін жеңімпазы және гір тасын көтеруден Қазақстанның рекордтар кітабына енген. Ол осы жетістіктерінің барлығы – тынбай жаттығу жасағанының арқасы һәм Тәуелсіздіктің тәтті жемісі дейді.

Ол Алматы облысының тумасы. 1959 жылы Көксу ауданы, қазіргі Қабылиса ауылында дүниеге келген. Ағамыздың айтуынша, анасы он бір құрсақ көтеріпті. Оның үшеуі шетінеп кеткен. Әкелері өмірмен ерте қоштасып, шешесі сегіз баланы қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай бағып, қағып ешкімнен кем қылмай өсіріпті.

«Мектепті тәмәмдаған бойда Талдықорған қаласына келіп, құрылыс техникумына оқуға түстім. Алайда, орысшам нашар болғандықтан маған білім алу қиынға соқты. Содан тіл үйрену үшін әскерге кеттім. Ол жақта борышымды өтей жүріп, самбо күресімен айналысқаным бар. Спорт шеберлігіне үміткер атағын иелендім. Екі жылдан кейін елге оралып, техникумдағы оқуымды қайта жалғастырдым», — дейді жастық шағымен бөліскен Әбдуәли аға.

Әңгіме барысында Ә.Тастанов армрестлингпен және гір тасын көтерумен 1991 жылдан бастап айналыса бастағанын айтты. Алайда, сол кезде қол күрестен арнайы жас ерекшеліктер болмағандықтан жарыстар көп өтпеген. Кейін орайы келгенде Қазақстан чемпионы атанып, 2011 жылы алғаш рет ардагерлер арасында өткен Азия біріншілігіне қатысу мүмкіндігі туады. Байрақты бәсекеде ағамыз бапкері Владимир Дрекслердің сенімін ақтап, жарыс жеңімпазы атанған.

Ардагер спортшының сөзіне сүйенсек, қол күресімен айналысу үшін табиғи күш болу керек. Жалпы, адамның сүйегі жалпақ, орта және жіңішке болып үшке бөлінеді. Мұндағы жіңішке сүйекті адамдарға армрестлингпен айналысуға болмайды. Себебі, қанша жаттықса да сүйектің сынып кету қаупі өте жоғары. Сондықтан, қол күреспен табиғи күші бар, білекті азаматтар ғана шұғылданады дейді біздің кейіпкер.

Айта кетейік, Әбдуәли Тастанов қол күрестен Азияның он дүркін чемпионы. Жақында Румыния астансы Бухарест қаласында өткен әлем біріншілігіне барып топ жарып келді. Аталмыш додаға жетпістен астам мемлекеттің спортшылары қатысқан. Сексен келі салмақ дәрежесінде шеберлігін сынаған ардагер қарсылас шақ келтірмепті.

«Әлем чемпионатына барардың алдында бір жарым ай үздіксіз дайындалдым. Түңгі сағат үшке дейін жаттығу жасаған кездерім болды. Осылай күндіз түні еңбек еткеннің арқасында үлкен жетістікке жетіп отырмын», — дейді қуанышын жасыра алмаған спортшы. Ағамыздың қуанатын реті бар. Себебі осы уақытқа дейін жеті рет әлем біріншілігіне қатысып, төртінші орынмен шектеліп жүрген.

«Жарыста алдымен сол қол сайысына түстік. Алдын ала кездесулерде Румыния, Болгария, Канада, Италия, Ресей, Ирандық спортшыны жеңдім. Финалда қырғызтандық спортшымен кездесіп, мықты екенімді дәлелдей білдім», — дейді Ә.Тастанов.

Әбдуәли аға оң қолымен өткен бәсекеде де айырқалпақты ағайынмен шешуші сәтте жолығып, одан басым түскен. Осылайша он бес жылдық спорттық мансабында тұңғыш рет әлем чемпионы атанып отыр. Жерлесіміз жарыста оқ қолмен күресіп жатқанда қабырғасы сөгіліп, жарақат алып қалғанын жасырмады. Десе де, халықтың үмітін ақтау үшін намысқа тырысқан. Ол бұл жеңісін қазақ еліне, Тәуелсіздіктің отыз жылдығына арнайтынын жеткізді.

Спортшы өз сөзінде: — Тәуелсіздікті жоғары бағалаймын. Неге десеңіз, кешегі бабаларымыз азаттыққа қол жеткізе алмай, аңсап кетті емес пе. Сондықтан бүгінгі жас осының қадірін тереңнен сезінуі тиіс. Қазір егемендігіміздің арқасында көк байрағымызды биіктен желбіретіп, әлемдік ареналарда топ жарып келеміз. Ұшса құс қанаты талатын кең байтақ жеріміз бар. Байырғы жаужүрек батырларымыз осының барлығын бізге аманаттап кетті. Енді соны көздің қарашығындай сақтау – бізге міндет. Құдайға сансыз шүкір, бүгінде Қазақстан жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орында тұр. Бұл деген керемет қой, — деп тұжырымдады.

Әбдуәли Тастанов қазір Көксу ауданындағы жас өспірімдерге арналған спорт мектебінде жаттықтырушы болып қызмет атқаруда. Шәкірттерінің де жетістіктері көңіл қуантады. Арасында ел біріншілігін, Азия чемпионатын ұтақан жас өрендер бар. Мүмкіндігі шектеулі балаларға да сабақ береді. Ағамыз осы тұста бір мәселенің бетін шалып қалды. Айтуынша, қазір армрестлингке арналған жабдықтардың (инвентарь) жетпей жатқандығы аздап қол байлау болып тұр. Қазір сол құрылғыларды тапсырыс беріп, қолдан жасатады екен. Кейде кездесіп жатса, базардан сатып аламын дейді ол.

Әңгіме барысында кейіпкеріміз жастарға кеңес беруді де ұмытпады. Қазірден бастап оларға спортты серік етіп, уақытты бағалай білуі керектігін нұсқады. Міндетті түрде әлем чемпионы болу мақсат емес, спортпен бірге білімді де қатар алып жүру маңызды деп келтірді.

«Жасым алпыстан асқанына қарамастан өткен жылы академияны оқып алдым. Жас күнімде осыны армандап жүруші едім. Сәті енді түсті. Мынау үшінші дипломым. Бұған дейін құрылыс техникумдарында білім алғанмын», — деген ол білім мен спортта шектеу жоқ екенін айтады.

Әбдуәли ағаның балалары да спорттан алыс емес. Қазір үлкен ұлы парадзюдодан аға жаттықтырушы болып қызмет атқарады. Екіншісі политехникалық колледжінде спорт саласын оқып жүр. Ал кейінгі ұлы бокспен айналысады, Алматы облысының чемпионы. Екі қызы бар, өкінішке орай жолдасы өмірден қайтыпты.

Ә.Тастанов келесі жылдың 4-ші сәуірінде зейнетке шығады. Егер басшылық рұқсатын беріп жатса, әлі де шәкірт тәрбиелеуге мүмкіндігі бар. Жалпы, бүгін немесе ертең спортты қоя салайын деп тұрған ол жоқ, Алла сәтін салса биылғы жетістігін келесі жылы тағы да қайталау жоспарында. Яғни, Азия және әлем біріншілігтеріне қатысуды көздеп отыр. Құрлықтық біріншілік келер жылы көктемде Өзбекстанның Самарқан қаласында өтеді. Ал, әлем чемпионаты күзде Түркияда жалауын желбіретпек. Ағамызға сәттілік тілейміз!

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK