Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жақында «Тәуелсіздік тағлымы» атты мақаласы жарық көрді. Онда Елбасы қазақ елі егемендікке қалай қол жеткізгенін, азаттық жолында жан алысып, жан беріскен батыр бабаларымыздың ерлігін айрықша атап өткен.

Сондай-ақ, Н.Назарбаев өткен ғасырларда орын алған ұлт азаттық көтерілісі, Азамат соғысы және ашаршылық жылдар халқымызға қисапсыз мол қасірет әкелгендігін жазыпты. Мұнан бөлек, Ұлы Отан соғысы жылдарында «Бәрі де жеңіс үшін» деп, бел шешпей еңбек еткен қазақ әйелдерінің ерлігін әдемі баяндаған.

«Менің еңбек тақырыбына жиі оралатынымның бір сыры да балалығын соғыс ұрлаған сол ауыр күндерден қалған естелікте болса керек. Адамды қандай қиындықтан да аман алып шығатын құдірет еңбек екенін мен сәби кезімнен-ақ сезіндім», — деген Елбасы жастарды да үнемі еңбек етуге шақырып отыр.

Тұңғыш Президентіміз Тәуелсіздік алған 30 жылдың ішінде ақырын жүріп, анық басып көп салалар мен бағыттар бойынша өзгелерден озып кеткенімізді мәлімдепті. Және соның мән-жайына тереңірек тоқталып, бұрын көп айтыла бермейтін кейбір деректерді де атап өткен.

Тәуелсіздік «тар жол, тайғақ кешулер» мен «соқтықпалы, соқпақты замандардан» аман өтіп, өзінің арналы жолын тапты. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап біз береке-бірлікке, ынтымаққа, ұлтаралық татулық пен дінаралық келісімге негізделген саясатты жүзеге асырдық. Бұл елімізді үздіксіз өсу мен өркендеуге бастады. Осының қадірін білуіміз керек», — дейді Н.Назарбаев.

Сондай-ақ, Елбасы көршілес мемлекеттердің басшыларымен келіссөздер жүргізе отырып мемлекеттік шекарамызды түпкілікті айқындап алғанында жасырмаған. Осыған қарап Тұңғыш Президентіміздің ел мүддесіне қосқан үлкен еңбегін көруге болады.

Иә, Н.Назарбаев айтпақшы, Тәуелсіздік те бақыт сияқты, бағалаған адамның, аялаған қоғамның қолына тұрақтайды. Сондықтан Тәуелсіздікке берік іргетас болып қаланған бабаларымыздың асыл мұраты – ерлік пен елдігімізден күш-қуат алып, әрдайым алға баса берейік.

Аманжол Жазықбаев,

 «Nur Otan» партиясы Талдықорған қалалық филиалы

төрағасының бірінші орынбасары.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK